430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы жылу электр орталығының жұмысы тоқтауы мүмкін

  • 149
  • UPD: 22:24, 10.03.2021

Павлодардағы жылу электр орталығының жағдайы сын көтермейді.

Электр қуатына тарифті көтермесе өндіріс тоқтап қалуы ықтимал. Қазір өндірісте күл жиналатын орындар толып кеткен. Осы себепті қалдықтарды жоятын жаңа алаңның құрылысы жүріп жатыр. Жоба қараша айына дейін тапсырылуға тиіс. Бұл мақсатқа 9 миллиардқа жуық инвестиция құйылған. Бұл – қарызға алынған қаржы. Енді өндірістік шығындар электр қуатына бағаны өсіру есебінен жабылмақ.

Павлодарда электр энергиясының қазіргі құны 1 килловат/сағатқа қосымша құн салығын қоспағанда 8,29 теңге. Егер қолданыстағы тариф 2 теңгеге қымбаттаған жағдайда 10,29 теңгені құрамақ. Бұл өндірістік шығындардың басым бөлігін жабады. Соңғы жылдары ол 20 процентке артқан. Кәсіпорын үшін электр қуатына баға қосу мәжбүрлі шара болып отыр. Себебі әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес.

Олег Перфилов, «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры:

– Жұмыс ауқымы мен электр қуатын өндіруге кететін шығындар жыл сайын 20-25 процентті құрайды. Бұл шындық. Жұмысшыларымыздың жалақысын 10-12 процентке көтеруге мәжбүрміз. Бұған қоса біз сатып алатын материалдардың құны айтарлықтай қымбаттаған.

Бүгінгі күні жылу электр орталығында ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Павлодардың ЖЭО-да жаңа күл төгетін алаң салынып жатыр. Ескісі қуаттылығын жойған. Келесі маусымда қалдықтарды төгетін орын болмайды. Қаланы қуат көздерімен қамтып отырған мекеме басшылары жағдайдың шегіне жеткенін айтады.

Игорь Гринёв, З-ЖЭО директоры:

– Күл жинайтын орын толып тұр. Егер біз өндірістік қалдықтар сақталатын жаңа орынды дайындамасақ жағдай қиындайды.Тіпті жұмысты тоқтауымыз мүмкін. Сол себепті біз жаңа күл төгетін алаңның құрылысын бастадық. Оның жалпы аумағы 130 гектарды алады. Бұл 10,5 жылға арналған кешен.

Павлодардың 3-ЖЭО қаладағы көптеген кәсіпорын мен тұрғын үй секторын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қуаттылығы жоғары өндіріс ошағы істен шықса, облыс орталығы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінен ажырайды. Өткен жылдың қараша айында 1-ЖЭО-да ірі апат болып, қаланың оңтүстік бөлігі тұтас жылусыз қалды. Сол кезде шұғыл түрде шешім қабылданып жылу магистарльдарын 2-ші және 3-ші жылу станцияларына қосуға тура келді. Бұл тек параметрлерді ұстап тұруға жетті. Соңғы уақытта қаланың оңтүстік аумағында жылу тапшылығы сезіле бастаған. Бұған жаңа шағын аудандардың пайда болуы себеп болып отыр. Мамандар 1-ЖЭО-да қазандық жабдықтарын жаңартпай, іс оңға баспайтынын айтады.

Павел Плетухов, «Павлодар жылу желілері» бас инженерінің орынбасары:

– Барлық жабдық тозған. Қазандықтар мен агрегаттарды қайта қалпына келтірмесе болмайды. Осының салдарынан жаңа техникалық шарттарды орындауға мүмкіндік жоқ. Қазір бізде Достық шағын ауданына техникалық шарттар берілмеді. Қуаттылық тапшы.

Бүгінде қалалық жылу магистральдарының 82 проценті тозған. Сондықтан жұмысты әрі қарай жалғастыру қауіпті. Жыл сайын облыс орталығында жылу желілерінің кем дегенде 4 процентін қалпына келтіріп отыру керек. Бұған кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндіктері жетпейді. Өткен жылы жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл қаржы 830 миллион теңгені құрады. Келесі жылға 960 миллион теңге жоспарланыпты. Бір жағынан қымбатшылық қыспаққа алып барады. Айналып келгенде әкімдіктің көмегі қажет дейді мамандар. Саланы екі жақ бірлесіп қаржыландырғанда ғана тығырықтан шығатын жол табылатын сыңайлы. Олай болмаған жағдайда жылу құнын үш есеге қымбаттатуға тура келеді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы