ШҚО-дағы Долон ауылының халқы интернет тұрмақ, ұялы байланысқа жарымай отыр

Долон ауылы интернетсіз, байланыссыз күн кешіп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарасты 400-ден астам тұрғыны бар елді мекенде әсіресе онлайн оқып жүрген студенттерге қиын. Үкіметтің былтыр күздегі «250+» бағдарламасына еніп, 1 қаңтардан сапалы ғаламтор желісімен қамтамасыз етілуге тиіс ауыл халқы бұл туралы қанша жерге хабарласса да, мардымды жауап ала алмапты.

Константин Ворончихин Павлодардағы колледждердің бірінде оқиды. Сабақтары онлайн өткендіктен, атасы мен әжесіне көмектесу үшін ауылға келіпті. Дімкәс қариялардың қолын ұзартып қуантқанымен, интернет мәселесі ұнжырғасын түсірген жайы бар. Былтыр жылдың соңында мұнара қойылғанда, ғаламтор жылдамдығы жоғарылайды деген үміт болыпты. Алайда қуаныш ұзаққа созылмаған.

Константин Ворончихин, студент:

– Байланысты жиі өшіріп тастайды, міне семестр аяқталуға жақын қалды. Ал менің тапсырмаларды орындап үлгермейтін түрім бар, оқудан шығарып тастамаса жақсы. Интернет тұрмақ, ұялы байланыс жоқ. Негізі жазға дейін апам мен атамның жанында болып, көмектесейін дегенмін.

Әзірге мұнара тұрғызылғанмен, базалық стансаның пайдасы шамалы болып тұр. Өйткені ол әлі электр қуатына қосылмаған. Екі ай генератор жанармай құю арқылы ілдалдамен сағаттап қана жұмыс істепті. Жұрт интернет тұрмақ, ұялы байланысқа жарымай қалған. Ал бір жұмадан бері станса жұмысы мүлдем тоқтапты.

Любовь Шнайдер, Долон ауылының тұрғыны:

– Наурыздың 5-інен бері байланыс жоқ. Қазіргідей дамыған заманда меңіреу күйде отырмыз. Осы мұнараны орнатады дегенде төбеміз көкке жетіп қуанған едік. Алайда бәрі керісінше болып тұр, осының кесірінен жастар да ауылдан кетіп жатыр.

Нәсіппана Меникеева, Долон ауылының тұрғыны:

- Қазір міне, медбикені шақыра алмай отырмын. Байланыс болды бұрын, мұнараны қойды, кімге керек болды? Барсақ, қазір біреуі де жауап бермейді, әкімі де, замы да.

Ал аймақтық энергетикамен қамтамасыз ету компаниясының өкілдері базалық стансаның қуат көзіне қосылмай тұруына ұялы байланыспен қамтушы мердігерлердің кінәлі екендіктерін айтады. Өйткені әрбір тұтынушы Энергетика министрі бұйрығына сәйкес техникалық шарттарды орындауы тиіс, яғни құжаттарында кемшілік бар.

Әсел Баденова, энергетикалық қызмет көрсету компаниясының баспасөз хатшысы:

- 2020 жылдың оныншы каңтарында осы тұтынушыға электр желілеріне қосу үшін техникалық шарттар берілген болатын. Бүгінгі күні аталған техникалық шарттары толық көлемде орындалмаған, осыған байланысты электр желілеріне қосу мүмкін емес.

Бауыржан Баталов, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Жалғыз Долон ауылында ғана емес, бізде Қоянбай ауылында да осындай проблемалар бар әлі шешілмеген, толық интернетке қосылмаған. Бұл сұрақ біздің құзырымызға жатпайды, бірақ жергілікті атқарушы орган болғандықтан, әлеуметтік сұрақтар халыққа қатысты болғандықтан, біз осы сұрақты тікелей бақылауда ұстап отырмыз. Осы техспецификасы тексеріледі де, жақын арада Долон мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

Бесқарағай ауданында 10 елді мекен «250+» бағдарламасына енген екен. Өкінішке қарай, жобаның толық атқарылмаған тұсы көп. Қазір аудан әкімдігі кейбір ауылдардағы сапасыз интернет облыстық басқармалар мен министрлікке шығып, осы мәселелерді жою жөнінде өтініш хатпен шығыпты. Ал мердігерлер жыл соңына дейін түйткілдің түйіні тарқайды деп сендірген.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы