Елордада көктайғақ салдарынан 80 жол-көлік оқиғасы болды

Бір адам зардап шекті.

Алған жарақаты аса ауыр емес. Дәрігерлердің бақылауында. Ал әуежайда 16 рейс кейінге шегерілді. Оның екеуі шетелге, қалғаны өңірлерге бағыт алуы тиіс еді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бүгін таңертең елорданың әуежайында бірнеше бағыттағы рейстер орындалмай қалды. Ұшу-қону алаңын қалың қар басып, әуе кемелері уақытылы көкке көтеріле алмады. Жолаушылар болса, жоспарын өзгертуге мәжбүр болды. Әуежай қызметі мен тасымалдаушы компаниялар жағдайды жарты күн ішінде қалпына келтірді.

БЛИЦ:

– Алматыға ұшу керек еді, жағдай болғанда таңертең таксимен осы жерге келдік. Қазір енді 8-ге дейін жүруіміз керек.

Жағдай қалпына келгенімен, жүздеген адам жолдан қалды. Жолаушылар әуе компанияларының жағдайды алдын ала ескертпегеніне наразы. 

БЛИЦ:

– 1:40-та ұшады деп айтқан. Өзгермей ме деп едік. Өзгермейді деді. 12-де келсек, ұшақ ұшып кетіпті. Ескертпеген бізге.

– Сағат 6-да тіркеу, 8-де ұшады деді. Ал мына хабарламада 3-те деп тұр.

Әуежай қызметі ұшу-қону алаңын уақытылы тазарттық дейді. Олардың мәлімдеуінше, жолаушыларға алдын ала ескертудің жасалмауы әуе компанияларының кінәсі.

Анвар Шәлекенов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы:

– Қазіргі таңда әуежайдың барлық қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қар тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Ұшақ басқа әуежайға қонды. Екі алматылық рейс Қарағандыға, шымкенттік рейс Алматы қаласының әуежайына қонды.

Әуежайдағы жағдай түсінікті. Қала көшелерінде ше? Мұнда да күн райының қолайсыздығы көлік қозғалысына кедергі келтірді. Таң сәріден елорда көшелерінде кептеліс туындады. 80 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам зардап шекті.

Досжан Қазиев, патрульдік полиция полкінің аға инспекторы:

– Бүгін көктайғақ пен қардың қалың жаууына байланысты жол-көлік оқиғалары көп болып жатыр. Осыған байланысты жүргізушілерді ереже сақтап, абай болуға шақырамыз. Жылдамдық пен арақашықтық сақтап, маневр жасауда сақ болуға шақырамыз. Және жаяу жүргіншілерден арнайы өткелден өтуді сұраймыз.

Синоптиктердің болжамы әзірге көңіл қуантпайды. Алдағы 3 күнде жауын-шашын көп түседі. Елорда ғана емес, басқа да өңірлерде көктайғақ болып, екпінді жел соғуы ықтимал.

Гүлайым Дәулетхан, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

– 11 наурызда көшпелі бұлтты, қар күтіледі. Көктайғақ, тұман күтіледі. Бұрқасын соғады. Жел оңтүстік-батыстан соғады. Екпіні 15-20 метр секундқа жетеді.

Көктемнің алғашқы айы орта шеніне жетсе де, Арқада қыстың әбігері бітер емес. Республикалық маңыздағы жолдарда далада қалғандар да бар. Төтенше жағдай қызметі оларды құтқару жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Қоңырау қабылдайтын жедел-штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Сондай-ақ...