Петропавлда 1700-ден астам адам вакцина салдырды

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу жұмысы жалғасты. Қазіргі кезде өңірде 1700-ден астам адамға вакцина салынған. Медицина қызметкерлерінен бөлек қазір тәртіп сақшылары мен мұғалімдер де екпе алып жатыр.

Дәлірек айтсақ, бүгінгі таңда 155 педагог пен 118 полиция қызметкеріне вакцина салынды. Барлығының да жағдайы жақсы. Ешкімнен кері реакция анықталған жоқ.

Ал денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, алдағы жарты жылда өңір халқының жартысына екпе салу жоспарланған. Бұл шашамен 300 мың адам.

Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ерікті түрде ине салдырғысы келіп жатқандардың саны күннен күнге артуда. Қазір әсіресе кәсіпкерлер көптеп хабарласып жатыр. Дегенмен, қаулыға сәйкес вакцинаны бірінші кезекте қауіп тобындағылар алады. Кейін сәтін салса, аталған ұжымдарды да назардан тыс қалдырмаймыз.