Қазығұртта өмірден өткен әкесінің зейнетақысын заңсыз алып отырған тұрғын анықталды

Қазығұртта өмірден өткен әкесінің зейнетақысын заңсыз алып отырған тұрғын анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық Полиция басқармасына аудан прокуратурасынан құжаттар келіп түсті. Онда жергілікті тұрғындардың бірі қайтыс болған әкесіне мемлекет тарапынан төленетін зейнетақысын заңсыз алып келгені көрсетілген. Осылайша, тұрғын зейнетақыны алу мүмкіншілігі жоқ екенін біле тұра екі жыл үш ай заңсыз алып, мемлекетке бір миллион 200 мыңнан астам теңге шығын келтірген.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен полицейлер бірден әрекет етіп, күдікті тұрғынның жеке басын анықтады. Оны тұрғылықты мекенжайынан ұстап, АПБ-не жеткізді. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Бас шарасы «міндеттемеде». Бүгінде тұрғын мемлекет тарапынан екі жыл алдын дүниеден өткен әкесінің атынан алып отырған ақшаларды қайтарған.

Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша таппақ болған тұрғындарды анықтауда.