Егіс жұмыстарына 380 мың тонна дизель бөлінеді

Елде газ арзандады. Автостанцияларда қазіргі баға пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда орта есеппен 5 процентке төмендеген.

Ал жанармай сәл қымбаттады.

«Бірақ біздегі бензин құны көрші елдермен салыстырғанда төмен», - деді энергетика вице-министрі.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Қазіргі уақытта Қазақстанда Аи-92 жанармайының бір литрі 160 теңге болып тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғыз Республикасында баға – 185 теңге (16% жоғары), Өзбекстанда – 261 теңге (63% жоғары), Ресейде – 255 теңге (59%). Өздеріңіз білетіндей, мұнай өнімдерінің нарығы жоғары құбылмалы болады және жанар-жағармай бағасының қалыптасуына әсер ететін бірқатар факторлар бар. РФ және ҚР ішкі нарығында жанар-жағармайға баға белгілеу және қамтамасыз ету, көрші елдермен шекаралас облыстарда жанар-жағармайға баға белгілеу. Аталған жағдайларды ескере отырып, баға өзгеріп тұрады. 

Алда жаппай егіс басталады. Диқандарға 380 мың тонна дизель жеңілдікпен беріледі. Бұл да брифинг барысында мәлім болды. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері арнайы кесте әзірлеген. Осының аясында диқандарға елдегі ірі үш зауыттан жеңілдетілген бағамен жағармай бөлінеді. Тоннасы шамамен 172-174 мың теңгенің шамасында болады. Жеткізу мен өзге де шығындарды есептегенде шаруалар алатын дизель жанармай құю стансаларындағы бағадан 13-14 процентке төмен болмақ.