433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда қаңғыбас жануарларды аулауға қомақты қаражат бөлінді

  • 115
  • UPD: 16:03, 11.03.2021

Оралда көшедегі қаңғыбас жануарларды аулауға және ұрықсыздандыруға қомақты қаражат бөлінді. Жайық өңірі мұндай әдісті енгізген елдегі санаулы аймақтардың бірі. Жобаны жергілікті ветеринария станциясының мамандары жүзеге асырып жатыр. Алайда тұрғындар олардың  жұмысына риза емес. Айтуларынша, мекеме қызметкерлері иттерді ұстаудың орнына, кейде атып тастайды екен. Тіпті ауладағы салпаңқұлақтардың да көзін жою дерегі тіркелген. 

- Смотрите все собаки мертвые.

- Агашка зачем так делаешь? Ну ты же человек!

- Зачем собак убиваете? Раз, два, три четыре..10 собак! За день! Ужас! Это Уральск! 

Ветеринарлық станция қызметкерлері қала іргесіндегі саяжайда иесіз иттерді қынадай қырып тастаған. Дәл осындай жағдай Переметное ауылында да болды. Жаға ұстатқан жағдайларға жануарларды қорғаушылар алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желіде бастама көтерді.

Елена Иноземцева, «Жомарт жүрек» қоғамдық бірлестігінің өкілі:

- Олар саяжайға келіп, иттерді бірден ата салады. Облыс бойынша қаңғыбас жануарларды аулауға және ұрықсыздандыруға миллиондаған қаржы бөлінген. Ал ветеринария қызметкерлері иттерді әлі атып жүр. Бұл түсініксіз. Мәселені шешудің тиімді жолы бұл емес. 

Ал ветеринария станциясы директорының айтуынша, иттерді жою туралы жергілікті тұрғындардың өздері арыз жазған. Қолданыстағы ережеге сәйкес, мұндай жағдайда қаңғыбас жануарларды атуға рұқсат берілетін көрінеді.

Ғаділбек Әлібеков, ветеринарлық станция директоры:

- Иттер мен мысықтарды аулап, жою жөнінде облыстық мәслихаттың шешімімен 2019 жылы 28 тамыз күні бекітілген болатын. Сол ереженің 12-тармағы бойынша, егер мынау бұралқы жануарлар адамға, малға қауіп төндіретін болса, әлде аса қауіпті ауру белгілері болатын болса, олар жойылады. 

- Домашнюю собаку подстрелили дротиком . 15 лет жила собака у нас нормально. Бегала во дворе, никого не трогала. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Ғаламторда тараған бұл видеолар қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу үшін қандай амал қолдану керек? Біз дәл қазір тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, олардың пікірін тыңдап көрелік.

БЛИЦ:

- Жоқ, өлтіруге болмайды бірден. Стрелизовать ету керек қой енді, бірақ қарап. Ветврачтар жұмыс істеу керек.

- Жануарларды қорғау да керек, бірақ енді жануарларды қорғау керек деп көшенің бәрін итке толтыруға болмайды ғой. Ол қауіпсіздікке де әсер етеді. Көшеде бала бар.Сондықтан шектеу керек.

- Жоқ, оларды құртпай, бір жерге апарып тастау керек деп ойлаймын. 

Байқағанымыздай, тұрғындардың пікірі екіге жарылды. Дегенмен екі ұсыныстың да ақыр аяғы қауіпсіздік үшін екені белгілі. 

Биыл Орал қаласы бойынша қаңғыбас жануарларды аулауға және оларды ұрықсыздандыруға бюджеттен 28 млн теңгедей қаржы қарастырылған.  Жануарлар әлемін қорғаушылар иттерді атуды тоқтатып, ұрықсыздандыру жобасын жетілдіру керектігін айтады. Ол үшін ең алдымен үлкен тынымбақ салу ұсынылды. Волонтерлер қаңғыбас жануарларды қоректендіруге әзір. Облыстық ветеринария басқармасы бұл ұсынысты экология министрлігіне жолдаған. Алайда тиісті заңнаманың жоқтығынан ешқандай шешім шығарыла қоймады. Еріктілер уақыт өткен сайын жануарларды қорғау мәселесі қиындап кете ме деп қынжылады.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы