Ақтауда көшелер жарықтандырылды

Ақтауда көше шамдары әлсіз жанатынын, сондай-ақ жаяу жүргінші жолдарында жарық жоқтығын бұған дейін айтқанбыз.

Шаһар билігі айтылған сыннан нәтиже шығаруға кірісті. Бастапқыда бюджеттен 300 млн теңге қарастырылады. Кейін жоспар өзгеріп, бұл қаражат шағын ауданішілік көлік жолдарын жөндеуге жұмсалатын болды. Ал көшелерге 2000 дана энергия үнемдегіш шам орнатылады. Қазір монтаж жұмыстары басталып та кетті.

Қала әкімінің айтуынша, диодты шамдар бұған дейін сатып алынған. Құжаттары рәсімделіп болмауы себепті қоймаларда сақталып келіпті.  

Нұрдәулет Қилыбай, қала әкімі:

- Қоймаларда жатып қалған лампалар. Соларды кедендік рәсімдеуден өткізіп, орнатып жатырмыз. Біріншіден, орталық көшелерге. Наурыз айының аяғына дейін бітіреміз. Бұл жерлерге 340-тай лампа кетеді. Сосын қалғанын кезең-кезеңімен жарықтандыратын боламыз. 26 жаяу жүргінші жолдарына да жарық қондырдық. Бұл жұмыстар жылдың аяғына дейін тоқтамай жүре береді.