Көктайғақ: елордада соңғы екі тәулікте 65 адам көшеде құлап, мертіккен

Елордада да кешелі бері күн райы мың құбылып тұр.

Таңсәріден басталған қар аралас жаңбыр арты көктайғаққа ұласты. Бүгін ақ ұлпа төпелеп, ара-тұра бұрқасын көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғаттың шәлкес мінезі жұртты әбігерге салды. Өткен тәулікте көк мұзда 200-ден аса жол-көлік оқиғасы болған. Ауруханаларда көктайғақта құлап, мертіккендер саны көбейген.

Көк айна мұз елорда тұрғындарын әбден титықтатты. Ауруханалар абайсызда аяғы тайып, жарақат алған жанға толған. Кейінгі екі тәулікте қаладағы тайғанақтың кесірінен 65 адам көшеде құлап, мертіккен. Олардың 25-і бала-шаға. Қазірдің өзінде №1 қалалық аурухананың травматология бөлімінде бос орын жоқ. Алайда карантинге байланысты ақ халаттылар ол жаққа бас сұғуға рұқсат бермеді.

Алексей Солод, №1 қалалық көп бейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Бұл – жылда қайталанатын көрініс. Көктем келісімен аурухана науқасқа толады. Сондықтан дәрігерлер бұл шақта жұмыс қызатынын біледі. Тайғанақта жығылып, жарақат алғандар қатары жылдағыдан сәл артып отыр. Көрсеткіш әсіресе, күздің орта тұсы, қыстың басында өседі.

Табиғаттың тосын мінезі коммуналшылардың да жүктемесін көбейтті. «Көше бойы үздіксіз қар мен мұздан аршылғанымен, жұмыс өнер емес», - дейді олар. Бораған ақ ұлпа жол бойын қайта басып қалып жатыр. Әкімдіктегілер де бұл істе іркіліс жоғын айтып, ақталды. Яғни, қазір қалада 1200 техника мен 2 мыңға жуық қызметкер қар аршуға жұмылдырылған. «Алайда шеткері аумақтың тұрғындары олардың бірін де көрмедік», - дейді.

Блиц 1:

- Біздің көшемізді аптасына бір-ақ рет тазалайды.

Блиц 2:

- Көрініп тұр ғой, бәрі айтпай-ақ. Үлкен кісілерге қиындау жүріп-тұру.

Сондықтан қысқа күнде қырық құбылған күн райында тұрғындар өз бетінше амалдауға көшкен. Әлихан есімді жігіт көк мұзда жығылудан сақтайтын ерекше тәсілді білетінін айтты.

Әлихан Абулғазин, оқушы:

- Свечаны алады да, осылай табанға жағады. Аяқ қатты сырғанамады. Өзім солай істеп көрдім, көмегі тиді.

Көктайғақта бір-бірімен соқтығысқан көліктердің де қарасы көбейген. Екі күнде 200-ден астам жол-көлік оқиғасының тіркелуі соған дәлел. Абырой болғанда, адам өліміне әкелгені жоқ. Дегенмен, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін  қазірдің өзінде бірқатар бағыттағы жолдар жабылды. Өйткені синоптиктер алдағы сағаттарда да күн бұзылатынын ескертеді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Наурыз Базаров