433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан полиэтилен пакеттен бас тарта ала ма?

  • 168
  • UPD: 21:35, 11.03.2021

Қазақстандықтар ай-сайын кем дегенде 40 миллион дана полиэтилен пакетін пайдаға жаратады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды дұрыс жоймаудың салдарынан пакеттер қоршаған ортада жүздеген жылдар бойы жата береді. Кейін экологияға орасан зор кері әсерін тигізеді. Қазір бірқатар әлем елдері полиэтилен пакеттен толық бас тартқан.

Ал, Қазақстан 2025 жылға қарай тыйым салатын тиісті заң қабылдайды. Полиэтиленнен құтылу қаншалықты қиын?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бірнеше жүздеген жылдар бойы іріп-шірімейтін, қазір жазиралы дала мен әсем мұхиттардың сорына айналған полиэтилен пакеттер экологтардың бас ауруына айналды. Оны шешудің жалғыз жолы – бұрынғыдай қағаз қапталамаларды пайдалану.

Қарағандылық Ринат Қағазғалиев аталмыш қаптамалардың 10 мың данасын шығарған. Алайда, тұрғындар тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау болмапты. Салдарынан кәсібі жабылып қалған.

Ринат Қағазғалиев, қала тұрғыны:

- Бізде де қағаз қалташаларды тегін тарататындай етіп жағдай жасауға болады. Ол үшін сыртындағы жарнамаларды қолдайтын кәсіпкерлер керек. Мысалы АҚШ-та бұл баяғыда-ақ бір жолға қойылған. Егер мемлекет полиэтиленді алып тастау туралы шешім жасаса, адамдардың таным-түсінігі өзгеріп, бірден үйреніп кетер еді. Бірақ біздің қоғам бұған әлі дайын емес сияқты.

Ал, мына бір кәсіпорынның жұмысы керсінше жүріп-ақ тұр. Бір айда 3 мың полиэтилен пакет шығарады. Ірі кәсіпорындар мен сауда үйлерінен де тапсырыс бар. Бүгіні алаңсыз болғанымен, алдағы 4 жылда жағдай қалай болар екен деп елеңдеп отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Полиэтилен целлофандар мынадай газ түйіршіктерінен жасалады. Осындай шикізатты кәсіпкерлер Ресей мен Өзбекстаннан әкелетін көрінеді. Мына тұрған құрылғы сол полиэтилен қалташа жасайтын, кемі 60 млн теңге тұрады. «Оны қағаздан жасайтын етіп қайтадан модернизациялауға болады, бірақ оған тағы кемі 40 млн теңге қаржы керек болуы мүмкін», - дейді кәсіпкерлер.

Ренат Минхаиров – полиэтилен пленка шығаратын кәсіпорын басшысы. Ол аталған заңнама қабылданған күннің өзінде бірден нәтижелі боларына сенбейді. Керісінше, жалған сертификат алып, көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көбейе ме деп алаңдаулы. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізу керек деген пікірде.

Ренат Минхаиров, Полиэтилен пленкаларын шығаратын кәсіпорын директоры:

- Бұл мәселеден шығудың жалғыз жолы – полимер материалдарды дұрыс жоюды ойлап табу керек. Әйтпесе, ертең кез келген өндіруші өзінің тауарын басқа материалдарға қаптайтын болады. Ал, ол тіпті жойылмайтын болып шығады. Салдарынан біз целлофандарды көз алдымыздан жоқ қылғанымен, қоршаған ортаға одан көп зиян әкелетін тауармен бетпе-бет келуіміз мүмкін.

Сондықтан маман елде полиэтиленді дұрыс жою не болмаса биоыдырағыш пакеттердің қолданыс аясын кеңейту керек деп есептейді. Ал, белгілі экобелсенді Дмитрий Калмыков бұл заң бірқатар елде қабылданып, өз тиімділігін көрсеткеніне тоқталып отыр. Және мынадай ұсыныстары бар.

Дмитрий Калмыков, Қарағанды экомузейінің директоры:

- Менің ойымша, бірінші кезекте ірі сауда үйлерінде пакет, целлофан сынды қалташаларды тегін таратпау керек. Себебі тегін дүниені адамдар қашанда көптеп алып қалғысы келеді. Салдарынан ол да қоқыс көлемін ұлғайтады. Заң жобасын қабылдамас бұрын әр ұсақ детальді назарға алған жөн.

Егер заң жобасы қабылданса, қазіргі 5-10 теңгелік, тіпті тегін таратылатын пакеттерді алып тастап, биоыдырағыш не қағаз қалташалар қолдануға тура келеді. «Олардың бағасы кемі 60-70 теңге шамасында тұруы мүмкін», - дейді мамандар. Бұл тарапта қарапайым халықтың пікірі мынадай.

Блиц 1:

- Енді экологияны құртады деп жатыр ғой, экологияны жақсарту керек. Біз сол пакетпен барамыз, егер алып тастаса, сетка аламыз. Бұрынғы замандағыдай ма? Ия!

Блиц 2:

- Ешкім қағаз бермейді ғой қазір, бәрі целлофан алады, өзіміз де күнделікті рулонды аламыз. Егер басқа аналогын ұсынса, алуға болады. Қолдар едім.

Блиц 3:

- Менің ойымша, баяғыдан бері тыйым салу керек еді. Себебі батыс Еуропа қазір арнайы сумка ұстайды. Қазір әлем шығынсыз өндіріске көшіп жатыр, сондықтан мен оны қолдар едім.

Атап өткен жөн, Қарағандыда қазір ірілі-ұсақ полиэтилен пакет шығаратын он шақты кәсіпорын бар. Олардың әрбірі нарықта 5-10 жылдап жұмыс істеп келеді. Ал, ірі компаниялар егер Экология министрлігі аталған заң жобасын ұсынып, ол қабылданатын болса, бірқатар компанияның есігіне құлып салынарына сенімді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы