KPO B.V. компаниясы сұранысқа ие әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатыр

Батыс Қазақстан облысында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг B.V.» компаниясы сұранысқа ие әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың ішіндегі көлемдісі – Бөрлі ауданындағы Березовка және Бестау ауылы тұрғындарын көшіру ісі. 2017 жылы аяқталған жоба барысында әр отбасының талап-тілегі ескерілген. Жаңа қоныс иелерінің әлеуметтік бейімделуі әлі де компания назарынан тыс қалған емес. Туындаған кез келген түйткілді мәселені оң шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын тауып келеді.

Ауыл тұрғындарын көшірмес бұрын олардың өмір сүру жағдайын барынша жақсарту мақсатында түрлі сауалнамалар жүргізілді. Отбасылардың бірқатары Ақсай қаласындағы көп қабатты үйге орналасса, қалған тұрғындар үшін Аралтал шағын ауданында 100 жаңа баспана бой көтерді. Жаңа білім ордасы салынды. Атомвек Нұрғалиев механизатор әрі құрылысшы болып еңбек етеді. Отбасы мүшелері де осы жерден жұмыс тауыпты.

Атомвек Нұрғалиев, Аралтал шағынауданының тұрғыны:

- Өміріміз жақсы жағынан өзгерді. Үйлері өте жақсы салынған, біздің көңілімізден шықты. Қазіргі таңда енді әркім өзінше бау-бақшасын егіп, малын ұстап жатқан адамдар бар ауылда. Жағдайымыз қазір өте жақсы. Соған байланысты «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг B.V.»компаниясына рахметімізді айтамыз, бізге осындай жағдай тудырғанына.

Ал, Наталья Галюк аудан орталығы Ақсай қаласына көшуді жөн көрген. Зейнет жасына жақындаса да, жұмыс тауып, өз отбасын құрыпты.

Наталья Галюк, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Берёзовка ауылында тұрған кезде жұмыс болмады. Мұнда көшіп келген соң аула тазалаушы болып орналастым. Тұрмысқа шықтым. Күйеуім жақсы адам, слесарь болып еңбек етіп жүр. Көршілеріміз сол Березовкадан бірге келген жандар. Мен бақыттымын.

Ақмарал Түкібаева, ҚПО B.V. компаниясының халықпен жұмыс секторының жетекшісі:

- Көшіп келген тұрғындардың тұрмысымен жақынырақ танысу мақсатында әрбір үй мен пәтерлерді аралаймыз. Мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі олардың көңілінен шыға ма? Болашақта қандай жоспарлары бар? Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда бізге оңай хабарласа ала ма? Бәрін де назарда ұстаймыз.

КПО компаниясы жаңа қоныс иелерімен үнемі кері байланыс болуына көңіл бөледі. Соның ішінде тұрғындарды жұмыспен қамту, медициналық қызметтерді алу және балалардың оқуы секілді мәселелердің дер кезінде шешімін табуына атсалысады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов