Сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан ақтаулық тұрғынға қаржылай көмек қажет

Сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан ақтаулық тұрғын көмек сұрап, редакциямызға хабарласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлбибі есімді әйел 3 баласымен пәтер жалдап тұрады. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймауы, оның үстіне мемлекеттен тегін берілетін дәріні бірден ала алмауы себепті уақыт өткізіп алғанын айтады. Әлем бойынша бауырдың эпите ЛОИДті геманго ЭНДИ телиомасы дертімен 5 адам ауырады. Ал Қазақстанда бұл екінші дерек. Науқас анаға шұғыл операция жасату үшін қомақты қаражат керек.

Екі жыл бұрын 29 жастағы Гүлбибі кеудесінің оң жақ бөлігі қатты ауырған соң, өз аяғымен облыстық ауруханаға барып қаралады. Айтуынша, сол кезеңде ақтаулық дәрігерлер екі рет қате диагноз қояды. Бір жылдан кейін Алматыда барып жасатқан медициналық талдаулар ғана бауырдың қатерлі ісігін көрсеткен. Мемлекеттен тегін берілетін дәрілік препаратты алудың өзі науқас анаға оңайға түспепті.

Гүлбибі Ахметова, қала тұрғыны:

– Бұл дәрінің 1 флаконы 500 мың теңге тұрады. Үндістаннан сатып алып келген кезімде астаналық дәрігерлер бұл онкологияда есепте тұратын адамдарға тегін берілетін дәрі екенін айтты. Мұны алсаңыз болады деді. Мына жаққа келген кезде де бізде бұл дәрі бөлінбеген, Оралдан аласың деп шығарып салды. Айқай шығарып, үлкен адамдарды салып ортаға алдыртқанбыз. Облыстық денсаулық басқармасына барған кезде белгілі болды, бұл дәрі ай сайын келіп тұрады екен.

Гүлбибі Ахметованы 2019 жылдың тамыз айында есепке алған жергілікті онкологиялық диспансерге бардық. Медициналық мекеме директорының сөзінше, науқас әйел туралы бар деректі биыл ақпан айында қазақ онкология және радиология институтына жолдапты. Мемлекеттен квота алуына көмектесу жайлы өтінішхатты қоса жіберген.

Нұрлан Жариев, облыстық онкологиялық диспансердің директоры:

– Институтта арнайы комиссияда қаралып, одан әрі денсаулық сақтау министрлігіне жолдануы керек. Бауырдың трансплантациясы – біздің Қазақстанда да жасалатын отаның бір түрі. Оны біздің білікті мамандарымыз жасай алады. Дегенмен де, бұдан туындап отырған нәрсе, бұл - донор. Мәселен, ол Минскіде дайын ба?! Бізде қазір донор жөнінде мағлұмат жоқ. Емнің үзілген уақыты болған жоқ. Дәрімен толықтай қамтамасыз етіп отырмыз. Бәріне қарамастан аурудың әрі қарай асқынуы байқалып отыр.

Беларусь елінде мұндай операция құны 125 мың доллардан басталады. Оны сырқат әйелдің жағдайы көтермейді. Жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жанұяның отағасы жұмыстан шығып қалып, қазір такси айдап жүр. Қайырымды азаматтар жинап берген азын-аулақ ақша жеткіліксіз. Гүлбибінің ендігі үміті – шұғыл ем алуы үшін республикалық квотаға ілігу.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев