БҚО-да қаржы пирамидасы салымшыларды сан соқтырып кетті

«Sweet money» деген атауды жамылған алаяқтар WhatsApp мессенджері арқылы тұрғындарды оңай табыс табуға шақырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер адамдар ұйымның есепшотына ақша аударса, 6 күннен кейін салым мөлшеріне кемінде 50% сыйақы қосылатынын жеткізген. Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қаржы пирамидасына 70-тен астам адам тартылған. Олардың жолдаған ақшасы артпақ түгілі, түбегейлі жоқ болды. Оңай олжа ойлаған алаяқтар арам пиғылын осылай әп-сәтте жүзеге асырған. Ал салы суға кеткен салымшылар енді қаражаттың кері қайтарылатынына күмәнданады. Бұл қылмыстық іске қатысты қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айнагүл Мұташова, экономикалық тергеу департаментінің бас маманы:

– Алаяқтық жолмен қаражатты тартып алу фактісі бойынша қылмыстық істің тергеу үстінде. Пирамиданың басты міндеті – жаңа қатысушыларды тарту екенін айтып өткен жөн. Әдетте пирамиданың негізін қалаушы қомақты қаражат жинап, төлемдерді тоқтатады және барлық ақшамен жоғалады.