Теміртауда «Жасыл белдеу» пайда болады

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қала айналасында «жасыл белдеу» құру мәселесі бойынша жұмыс сапарымен Теміртауда болды.

Министрлік мәліметінше, аталған шараны талқылау бойынша Теміртау қаласының әкімі, жергілікті атқарушы органдар, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, Қазақ ғылыми-зерттеу институты, «Казгипролесхоз-KZ» жобалау институты және басқа да мүдделі ведомстволар өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

«Теміртау қаласында қалыптасқан экологиялық жағдай жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Биылғы жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, сондай-ақ өткен жылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бұл іс-шаралардың барлығы осы бағытта тиімді көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Теміртау айналасында «жасыл белдеу» құру да пәрменді шара болатынына сенімдімін», – деді Ерлан Нысанбаев өз сөзінде.