Б.Сағынтаев Алматыдағы әлеуметтік нысандар құрылысын тексерді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы Шаңырақ, Рахат-Мәдениет, Шапағат және Өжет ықшамаудандарындағы инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымының дамуымен, әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Мегаполис әкімі Б.Сағынтаев Алатау ауданының дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығында болды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 80-ге жуық әйел, оның ішінде көп балалы аналар тігін шеберлігіне машықтанып, косметолог пен шаштараз курстарынан өтеді. Мұнда балалар түрлі дамыту үйірмелеріне қатысады. Жоба сұранысқа ие, сондықтан аудан әкіміне орталыққа жаңа, кең орын табуды тапсырды, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Б.Сағынтаев Рахат-Мәдениет ықшамауданындағы сумен жабдықтау және судан бұру желілерін салу және электр желілерін қайта құру жобаларымен танысты. Сондай-ақ қала әкімі осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болды. Сонымен қатар Рахат-Мәдениет ықшамауданында балабақша салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ал Шаңырақ-5 ықшамауданында 6,4 шақырымдық жаңа жолдың құрылысы басталады. Инертті материалдар дайындалды. Жұмыс ауа райы жылығанда басталады. Осы ықшамауданның тұрғындары Б.Сағынтаевқа үйлерді заңдастырудағы проблемалар туралы айтты. Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша жер қатынастары басқармасы бұл мәселемен айналысады.

Шаңырақ-1 ықшамауданында биыл 45,7 шақырым су құбыры мен 53,7 шақырым кәріз желісінің құрылысы басталады. Өжет ықшамауданында 83,4 шақырым сумен жабдықтау және судан бұру желілері тартылып, іске қосылуда. 11,2 км жол салынады, тағы 4,6 км жол орташа жөндеуден өтеді. Б.Сағынтаев орындалған жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында мердігерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ қала әкімі есепті кездесу барысында Б.Сағынтаевқа жүгінген Шаңырақ-1 ықшамауданының тұрғынының өткелді жауып тұрған газ құбырына қатысты мәселесі қалай шешілгенін тексерді. Мәселе шешілді, жеңіл және жүк көліктерінің жүруіне мүмкіндік беретін арка жасалды.

Жұмыс сапары барысында мегаполис әкімі Өжет ықшамауданындағы тоған аумағын абаттандыру және 37,56 шақырым инженерлік желілер салынып жатқан Шапағат ықшамауданында жаңа мектеп салу жобаларымен танысты.

Еске салсақ, бұл инженерлік коммуникациялар, жолдар, жарықтандыру желілері мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан Алатау ауданына қосылған ықшамаудандарға биылғы екінші сапары. Бұрын Б.Сағынтаев Алғабас, Әйгерім-1, Шаңырақ-2, «14-ші аумақ», ААМЖЗ-Алғабас ықшамаудандарының жағдайларымен танысқан еді.

Сонымен қатар Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев Наурызбай, Түрксіб, Медеу аудандарында болып, онда «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан ықшамаудандардың инфрақұрылымдық даму барысымен танысқан болатын.