Маңғыстау облысындағы 10 мұнай қалдығы полигоны тазартылды

Маңғыстау облысында мұнай қалдықтары төгілген 10 полигон тазартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті мұнай кенішінде кеңестік кезеңнен бері 47 гектар жер ластанған. Қазір оның 6 гектары залалсыздандырылды. Бүлінген топырақты қайта өңдеуге компания 7 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Кен орнына қоғам белсенділері мен экология департаментінің мамандары барып, атқарылған жұмыс нәтижесімен танысты. Кезінде бұл жерлерге 350 мың тоннадай мұнай төгілген. Оларды тазарту 2024 жылы аяқталады деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, 2019 жылдың тамыз айында сала министрлігі мен ұлттық компания бірлескен меморандум жасады. Мұндай ауқымды шаралар соның негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Меморандум мақсаты – Маңғыстау өңіріндегі кенорындарында орналасқан бұрынғы тарихи ластанған қалдықтарды жою болып табылады. Экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіп жатыр. Заңбұзушылық болған жағдайда біздің тарапымыздан әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс, экологиялық кодекс бар, сот органдарына жүгіну арқылы ондайды болдыртпаймыз. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар біздің қатаң бақылауымызда болады.