Елордада Мәмбетов көшесін жазғы жаяу жүргіншілер көшесіне айналдыру жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығында қала белсенділерінің, кәсіпкерлердің, шығармашылық өкілдерінің қатысуымен жазғы жаяу жүргіншілер көшесінің жобасы қоғамдық талқылаудан өтті.

Туристерді тартудың жаңа орталығы ретінде жоспарланып отырған Мәмбетов көшесінде функционалды аумақтарды қалай және қайда орналастыру керектігі талқыланып, ұсыныстар білдірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Урбанистика орталығы өз кезегінде Ә.Мәмбетов көшесін жаяу жүргіншілер үшін жазғы көшеге айналдыруды жоспарлап отыр. Демалыс күндері автокөлікпен жүруге тыйым салынады. Мұнда жол бойында фестивальдер, жәрмеңкелер, қойылымдар өткізілмек. Көшені антиквариат заттар мен гастрономиялық өнімдер сататын, сол сияқты экскурсиялар өткізетін орынға айналдыру ұсынылды.

Жиналған жұрт алдағы кездесуде нақты ұсыныстарын әзірлеп, көшені қызықты дүниелерге бірлесе толтыру туралы шешімге келді.

Еске сала кетейік, Мәмбетов көшесінде Шығыс мерекелерін, яғни ұлттық тағамдар фестивальдерін, қолөнершілер жәрмеңкелерін, туристік экскурсиялар мен басқа да ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.