431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Металл сынықтарын не шетелге сата алмаймыз, не отандық зауыттарға өткізе алмаймыз – кәсіпкерлер

  • 123
  • UPD: 15:58, 12.03.2021
Металл сынықтарын не шетелге сата алмаймыз, не отандық зауыттарға өткізе алмаймыз – кәсіпкерлер

Шығынға батып, қарыздары қордаланған жергілікті кәсіпкерлердің шағымы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, былтыр мамыр айында Қазақстанда қайталама металл сынықтарын экспорттауға тыйым енгізілген болатын. Алайда тыйым ешқандай нормативті актімен бекітілмеген. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» АҚ бұл шектеуді тыйым деп санамайды. Бірақ олардың да өз уәжі мен базынасы бар. Жиынға қатысқан кәсіпкерлер көкейдегі сауалдарға мардымды жауап ала алмадық деп ашынды.

Владимир Дворецкий, қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы:

– Бұл шектеуді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қойып отыр. Ведомство «Қазақстан темір жолы» компаниясына металл сынықтарын вагонға жүктеуге тыйым салған. Сорақысы сол, бұл шектеу бейресми сипатқа ие. Бірақ кедергінің жасанды екеніне дәлеліміз жетерлік. Ал ел ішінде екінші қолданыстағы металл сынықтарын тиімді бағамен сату өте қиын. Оған тиісті жағдай да қарастырылмаған.

Аманияз Ержанов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

– Қазақстанда металл сынықтарын экспорттауға былтыр да, биыл да ешқандай тыйым салынған жоқ. Бірақ екінші қолданыстағы металл сынықтарын саудалайтын компаниялар стратегиялық әріптестік келісімі бойынша бірінші кезекте отандық зауыттарды тиісті көлеммен қамтамасыз ету керек. Қалған-құтқанды қайда сатсаңыз да өз еркіңіз. Ал автокөлікпен экспорттаудағы кейбір шектеулердің себебі – салықтың төленбеуі мен шамадан тыс жүк тасымалы. Құдық қақпақтары мен электр сымдарын ұрлау жағдайлары тиылмай тұр. Тіпті шалғай жерлерде темір бағаналарды түбімен бірге суырып әкетіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы