Мамандар дәстүрлі шараларды атап өтуді кейінге қалдыруға үндеді

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Соңғы тәулікте өңірде 71 адамнан инфекция табылды.

Наурыз айы басталғалы 700 адам ауырған. Вирус негізінен қоғамдық көлікте жұғады екен. 24 проценті қоғамдық орындарда, 10 проценті той-томалақ пен қонаққа барған кезде қатерлі індет жұқтырады. Аймақтағы инфекциялық стационарлардың тең жартысы сырқаттарға толғандықтан қосымша 2 мың кереует дайындалды.

Сала мамандары мереке күндері сақтық шараларын күшейту керектігін айтты.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Алдағы уақытта дәстүрлі мейрамдарымыз бар, соның ішінде көрісу айт бар. Бұл жерде айтатыным көрісу айт кезінде де қазіргі таңда жағдай әлдеқайда күрделі, сондықтан көрісу айтта көбіне жастар үлкендердің үйлеріне барады. Бұл шараны кейінгі уақытқа шегеруді сұраймын. Себебі жастарда егер жеңіл түрде өтетін болса, үлкен кісіледе жасына байланысты ауру белгілері пайда болып байқалып, қиын өтеді. Сондықтан эпидахуалды ескере отырып онлайн форматта құттықтауға шақырамын.