Жаңақорғандық диқандар су тоспасын салуды сұрап отыр

Биыл Жаңақорған ауданы күріш көлемін тағы азайтты. Себебі Сырдария өзенінің деңгейі төмендеп кеткен. 4 жыл бұрын аудан тұсындағы су тоспасы істен шығып, магистральді каналдар да бұрынғы қалпына толмай тұр. Осыған байланысты ауыспалы егістің 23 проценті ғана басты дақылдың үлесіне тиді. 

2014 жылы Жаңақорған ауданы тұсынан Сырдария өзеніне үрлемелі бөгет қойылған. Полимерлі қапшықтарды сумен үрлеп толтыру арқылы су деңгейін көтеретін ерекше технология Қытай өнімі екен. Қыруар қаржыға салынған гидроқұрылғы небәрі 3 жыл ғана аудан игілігіне жарапты. 2017 жылы дариядан мол су өткен кезде әлгі тоспа түбінен жұлынып, істен шыққан. Содан бері диқаннан да маза кетіпті.

Әбдірахман Сапарбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Біздің ауыл биыл 2021 жылға 560 гектар күрішке жоспарланып отырмыз қазір. Сондай ғана. Бұрындары 1 мың 400-ге дейін егетінбіз. Одан кейін мыңға түстік, одан 800-900, 560-қа түсті ғой биыл енді.

Су жетпеген соң жыл сайын күріш егістігінің көлемі де азайып барады. Мәселен, Жаңақорған ауданы биыл ауыспалы егістің 23 проценті, яғни 7300 гектарға ғана «Сыр маржанын» егуге мәжбүр. Кезінде бұл көлем 12-13 мың гектар болатын. 

Баянбек Қалжанов, Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты:

- Ең күретамырымыз «Келінтөбе» каналы, ұзындығы 88 шақырым. Оның бойында 25 мың инженерлік жүйеге келтірілген жер бар. Осы егістікті судан алып қалу үшін сондай бір су тоспасы салынса деген ой. 

Ал мамандар әзірге бұл мәселе өзекті күйде қалып отырғанын айтады. 

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК филиалы директорының орынбасары:

- Облыс әкімшілігі, аудан әкімшілігі бұл туралы қайта-қайта министрлікке де, Үкіметке де қайта-қайта хат жазылып жатыр. Бірақ ол жақта, иә осындай сессияда қаралады, осындай ақша бөлінеді, өйткені қай нәрсе болса да бірінші ТЭН жасауымыз керек.Одан кейін жоба-сметалық құжаттар жасау керек. Оған ақша, көңіл бөлініп жатқан ештеңе жоқ. Бірақ келешекте болу керек негізінде. 

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш өндірісі Жаңақорған ауданы экономикасының тірегі. Сондықтан биыл да диқан қауым тәуекелге бел байлап, тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастырылып жатыр. Соның бірі – су сорғы құрылғылары арқылы алқаптарды суару жоспары бар.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов