Вирус өршісе елдегі денсаулыққа жауапты сала дайын бола ма? – А.Цойдың жауабы

Жаһанды жаулаған індет әлем елдеріне оңай соқпағаны рас. Тіршілікті тұралатты, қозғалысты шектеді. Енді вируспен күресте жоспарлы вакциналау қолға алынды. Қазақстанда індетке қарсы іс-қимыл қалай жүріп жатыр? Коронавирус өршіп кетсе елдегі денсаулыққа жауапты сала дайын бола ма? Осы және өзге де өзекті сауалдарға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой біздің арнаға берген сұхбатында жауап берді.

Індет жұқтырып ауыр жағдайда ауруханаға түсіп жатқан қазақстандықтар әлі көп. Кеселді тоқтату мақсатында елімізде вакциналау науқаны жүріп жатыр. Қазақстанда ақпанда басталған екпені алғашқы болып дәрігерлер салдырды. Вакцинаның екі компонентін алып үлгіргендері де бар. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл жұмыс жеке қадағалауында екенін жеткізді. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

- Алдағы айдан бастап 600 мың вакцина өзіміздің Қарағанды фармацевтикалық заводында өндіріледі. Сонымен қатар қазақстандық вакцина сәуір айында толық тексеруден өтіп салуға рұқсат аламыз деп күтіп отырмыз. Басқа да компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ең алдымен екпе тапшылығы болмау керек. Сонда ғана біз 6 млн адам вакциналанады деген шекті орындай аламыз. Мүмкіндік болса вакциналауды күзге дейін тоқтаусыз жүргізсек деген ойымыз бар.

Біздің арнаға берген эксклюзивті сұқбатында Алексей Цой тағы бір мәрте екпе мәжбүрлі түрде салынбайтынын жеткізді. Таңдау сізде. Елге жақын арада вакцина түр-түрімен жеткізіледі. Сондықтан екпе егу тұраламайды.

«Вакцинаның барлығы тексеруден өткен денсаулыққа қауіпсіз» деп сендірді министр. Сондай-ақ кеселмен күресте дәрігерлер еңбегі орасан екені сөзсіз. Оларға қаржылай қолдау жалғасады.  

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Өткен жылы 115 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы медицина қызметкерлеріне коронавируспен күрес кезінде жасаған еңбектері үшін үстемақы ретінде төленді. Қазір қаржылай үстемақы беру тоқтаған жоқ.

Елдегі ахуал айтарлықтай жақсармаса да қазір тұрақты. Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды. Бола қалса да сізге керек дәрінің аналогын іздеңіз деді министр. Солай амалдамаса болмайтын секілді. Қашанғы қаладағы тіршілік тұраласын. Жұмыстарын жандандырған мекемелер бар. Сондықтан вирус жұқтыру қаупі көбеюі де мүмкін.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Дәрінің сіз іздеген түрі болмаса алаңдауға негіз жоқ. Құрамы соған ұқсас аналогын пайдалануыңызға болады. Ол арзан әрі қолжетімді болуы мүмкін. Дегенмен, қазір дәріханаларда кез келген дәрі-дәрмек табылады. Өңірлерде 2 айға жететін дәрі қоры бар. Барлық облыстарды жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ әр аймақтан шетелдік стандарттарға сәйкес келетін инфекциялық аурухана салғыздық.

Иә, кесел жағадан алғанда біздегі тиісті мекемелер жұмысы шатқаяқтағаны рас. Көзге көрінбейтін жаумен күресте әлемнің мықты державалары да састы. Денсаулық министрі «дайындықтың барлығын жасадық, енді індетпен күреске сақадай саймыз» деп отыр.

Автор: Гүлзия Нақыпқызы

Сондай-ақ...