Қарағанды облысының Октябрь ауданына Ә.Бөкейхан есімі беріледі

Қарағанды қаласының 250 мыңнан астам тұрғыны бар Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі беріледі.

Бүгін кеншілер астанасында осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Карантиндік талаптарды сақтау мақсатында қала бойынша 15 залда 500-ден астам адам жиналған. Қарағанды халқы ұсынылған мәселені бірауыздан қолдап дауыс берді. Енді қоғамдық тыңдау нәтижесін жергілікті мәслихат республикалық онамастикалық комиссияға жібереді. Бекітілген соң 10 күн ішінде өкім заңды күшіне енеді. Бұл мәселе Қарағанды облысында көптен бері талқыланып, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары «Ұлт көсемінің атын Октябрь ауданына беру керек» деп бастама көтеріп келген еді. 

Нұрсахан Бейсенбекова, тарихшы:

- Ол тарихи тұлға, ол Абайды танытқан адам. Ол тарихты жазған адам. 9 тілді білген адам. Оған 30 жылда бір елді мекеннің атын бермеу деген ұят нәрсе. Біз шын тәуелсіз ел болсақ бұл мәселені тіпті талқылаудың қажеті жоқ. 

Темірғали Көкетаев, ғалым

- Бұл тарихи, халқымыз көптен күткен күн. Тәуелсіз болған соң санамыз өсіп, өз руханиятымызға көтеріліп отырмыз. Октябрь деген баяғы коммунистік дүние ғой, бұл кісінің атын беру халыққа жақсы бір серпіліс болады.