«Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін елордада «Елбасы медалі» жобасының қола жүлдегерлері марапатталды. Оқушылар сарайындағы салтанатты жиынға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Олар 6 ай бойы жеті бағыт бойынша тапсырма орындап, білім мен шеберліктерін жетілдірді. Спортпен шұғылдану, өнерге бет бұру, төл мұраны дәріптеу, қайырымдылық жасау мен кітап оқудан сынақ тапсырды.

«Елбасы медалі» жас буынды жан-жақты дамытуды көздейтін ұлттық деңгейдегі бірегей бағдарлама. Биыл оған қатысуға ел бойынша 11 мыңнан астам үміткер ниет білдірген.

Гүлім Жүсіпова, балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту орталығының жетекшісі:

- Үш медаль бар. Мысалы, қола медаліне 14 жастан бастап қатысады. 6 ай бойы тапсыра алады. Күміске 15 жастан бастап қатысады. Олардың уақыты 12 ай болады. Ал балалар үздік болып «алтын медаль аламыз» десе, 16 жастан және тапсырмалары 18 айға дейін созылады.

Алтынбек Әбілда, «Елбасы медалі» жобасының қола жүлдегері:

- Осы жобаға жасым келіп, қатысқаныма қуаныштымын. Бұл жоба не береді? Алға мақсат қоюға, соған жүйелі түрде жетуге және өзіміздің уақытымызды жоспарлауға көмек береді.