431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: үміткерлер жеті номинация бойынша іріктеледі

  • 179
  • UPD: 21:48, 12.03.2021

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңі басталды. Өтініштер 21 наурызға дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында қабылданады. Қатысушылар 7 номинация бойынша іріктеледі. Олар медицина, білім беру, экология, мәдениет пен спорт, бизнес, қоғам, ғылым және инновация. Биылғы байқау ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылады. Жоба 2017 жылы Елбасы Нүрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғанын айта кетейік.

Латиф Парпиев - балалар реабилитологы. Пандемия кезінде тынбай еңбек еткен дәрігердің бірі әрі волонтер. «28 ілмек» атты қайырымдылық ұйымының белді мүшесі. Шала туған сәбилерге арнап жүннен киім тоқиды. Киім-кешек салмағы 500 грамнан 2 келіге дейінгі нәрестелерге арналған. Латиф «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында балаларды ерте жасынан оңалту бағдарламасын дамытуды көздейді.

Латиф Парпиев, балалар реабилитологы:

- Бұл жоба арқылы мен көп балаға көмек бере аламын деп ойлаймын. Шала туған балаларға тездеу реабилитация жасап, балаларды өзіне келтіруіне көмек бере аламын.

Ал бұл кәсіби хоккейші Бұлбұл. Қазір Америка Құрама Штаттарында бойжеткендерден құралған хоккей клубын жаттықтырады.

Бас бапкер қарамағындағы команданың көрсетіп жатқан нәтижесі жаман емес.

Бұлбұл Қартанбай, Хоккей клубының бас бапкері /АҚШ/:

- Бәрімен бірдей тіл табысуым керек. Хоккейшілермен де, ата-аналарымен де әңгімелесемін. Қанша адам болса сонша пікір бар. Пікірмен қатар, жақсы ұсыныс-тілектер де айтылып жатады.

Бұған дейін Бұлбұл қыздардан құралған хоккей клубының шабуылшысы болды. 2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайды. Жобаға хоккейші қызды Оспан Али лақап атымен танылған фотосуретші Әлібек Ибраев ұсынды.

Оспан Али, фотосуретші:

- Өзім 2018 жылғы жобаның жеңімпазы болғандықтан осы жобада өзгеше адамдардың көбейгенін жүрегім қалайды. Жұмыс барысында Бұлбұлмен таныса отыра қазақ қыздарының шетелде ар-намысын таптамай, жоғары деңгейде өз саласында қызмет етіп жатқаны мен ұйымдастырушыларға ұсына кеттім. 

Бұл қостанайлық полиция қызметкері Амантай Байжанов. Сақшы бір жыл бұрын 15 адамды өрт ішінен аман алып шықты. Ал өткен айда боранда қалып қойған көлік жүргізушілеріне 2 шақырым жүгіріп жол көрсетті.

Амантай Байжанов, полиция қызметкері:

- Мен жол қиылысына дейін жүгірдім. Ол жерде көлік көп болды. Бағдаршам да жұмыс істеп тұрды. Ары қарай «бірінің артынан бірі жүріп, жолды табады» деп ойладық. 

Сіздің де жобаға қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ресми сайтына өтіп, 21 наурызға дейін өтініш бере аласыз.

Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы