Алматыдағы «өрмекші адамның» танымалдығы артты

Алматыда «өрмекші адам» бар. Көпірден секірмек болған жанды құтқарып қалған азамат көптің ықыласына бөленіп, әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Жұрт оны танымал фильмдегі «өрмекші адамға» теңеді. 

«Өрмекші адам» деп лақап ат таңылған осы жігіт. Аты-жөні Самат Әнет. Небәрі 21 жаста ғана. Отбасындағы 8 ұлдың алтыншысы.

Айтуынша, сол күні жұмыс бабымен кетіп бара жатып, Рысқұлов даңғылы пен Шемякин көшесі маңында көлік кептелісіне тап болады. 

Сөйтсе оған себеп, жаяу жүргіншілер жүретін көпірге шығып алып, секірмек болып тұрған адам екен. Самат көп ойланбастан көпірге өрмелеп шығып, оны құтқаруға кіріседі.

Самат Әнет, қала тұрғыны:     

- Бәрі видеоға түсіріп, сөйлесіп тұрғаннан кейін ыңғайсыздандым да үстіне шыға бастадым ақырын шетімен. Бәрі полицейлер, адамдар тұрған «түс-түс» деді. Бірақ мен оларды тыңдамадым. «Тыныш» деп көрсетіп қойдым. Одан кейін маған мән бермеді. Содан соң күттім моментті. Өйткені ол адам шетінде отырды. Ол кезде шықсам ойладым секіріп кете ме деп. Потом момент күтіп отырдым. Оның жатқанын көрдім де сол кезде жүгіре бастадым, жүгіріп барып үстіне жатып алдым. Кішкене қарсыласты. Қатты сөйлеп жібергеннен кейін «жарайды» деді. 

Сол кезде тағы екі адам көмекке келіп үлгіреді. Көп болып, секірмек болған азаматты арқан байлап жерге түсіріп алған. Ол дін аман. Полицейлердің де, куәгерлердің де сөзін елемеген адамды Самат осылай құтқарып қалды. Одан не себепті мұндай әрекетке барғанын да сұраған. Бірақ жарытып жауап алмапты. Тіпті оның аты-жөнін де білмеймін дейді.

Самат Әнет, қала тұрғыны:            

- Мен бұрын құтқарушы болып істегенмін. Содан кейін болар мен бұл жағдайға бей-жай қарай алмадым. Адамдарды құтқару міндетім деп ойлаймын жұмыстан шығып кетсем де. Мен ол адамның шығып неге өлімге бас тіккенін білмеймін. Бірақ қандай проблема болса да шешуге болады деп ойлаймын. Адам өмірге бір-ақ рет келеді.Сол өмірін қауіп тікпесе екен деп ойлаймын. 

Самат Республикалық жедел құтқару жасағынан аяғын жарақаттап алған соң кетуге мәжбүр болған. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Ал екі ағасы бірдей дәл осы салада қызмет атқарады. Самат құтқарушы қызметінен қол үзсе де адамдарға қолдан келгенше көмектесу оның басты ұстанымы болып қала бермек.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев