Ақтауда жазасын өтеп шыққан азаматтар жұмыспен қамтылып жатыр

Биылдың өзінде пробация қызметі бұрын істі болған 13 адамға тұрақты табыс көзін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар жылыжай, жиһаз құрастыру цехы, дәмхана, тағы басқа өндіріс орнында еңбек етеді. Үкіметтік емес ұйымдар да осы бастамаға араласып, шама-шарқынша киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. Еркіндікте жаңа өмір бастағандарға психологиялық әрі заңгерлік көмек түрлері тегін көрсетілуде.

Тимур Мұхамедов мас күйде дүкен тонағаны үшін 3 жыл шартты түрде жазасын өтеп шықты. Бұрын әскери қызметкер болуды армандаған жігіт қазір жиһаз құрастыру цехында жүк тасып жүр. «Кезінде жіберген қателігіме әлі күнге өкінемін. Шүкір, еркіндікте жүрмін. Алатын айлығым отбасымды асырауға жеткілікті», - дейді ол.

Тимур Мұхамедов, қала тұрғыны:

- Пробация маған көмектесті. Өздері жұмыс тауып берді осы жерден. Сотталған кісілерді ала бермейді көп жерге барған кезде. Қарайды, «жақсы, хабарын беремін» дейді де, бірақ алмайды жұмысқа. 80 мың теңгедей айлық аламын. Екі күн істеп, екі күн демаламын.

Валерий Аронов есімді бұрын сотталған азамат көлікке техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Оның кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Аз қамтылған отбасыны үкіметтік емес ұйымдар да өз қамқорлығына алған. Қаңтар-ақпан айлары да дәстүрінен жаңылмай азық-түлік пен киім-кешекті жеткізіп беріпті.

Валерий Аронов, қала тұрғыны:

- Алғысым шексіз, бізге беріп жатқан киімдері таза әрі жаңа. Тамақты да арасында әкеліп жатыр. Қайырымды азаматтарға рахмет. Бұл жерде моторист болып жасаймын, әзірге сынақ мерзімінде жүрмін. Жағдайымыз жақсарып кетеріне сенемін.

Ақтауда 631 адам пробациялық есепте тұр. Біріне отбасы немесе жақындары көмектессе, енді біріне бақылау органы қол ұшын созуда. Мұнда психологиялық және заңгерлік көмек түрлері тегін көрсетіледі. Жыл басынан бері құзырлы мекемеге 250 адам жүгінген.

Оралбек Исатаев, қалалық пробация қызметінің аға инспекторы:

- 2020 жылы біз 10 адамды жұмысқа орналастырдық. Қосымша тағы 3 адамды қосып отырмыз. Жасап жатқан жерінде түскі және кешкі ас беріледі, айлықтан бөлек. Одан бөлек, сотталғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда жұмысқа кіргізу қиын, себебі жалақы төмен. Бірақ соған қарамастан сотталғандар өз өтінішімен келіп жатыр. Жұмыспен қамту орталығымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз.

Пробация қызметінің өкілдері жеке кәсіпкерлермен үнемі байланысып, келіссөздер жүргізіп келеді. Бүгінде бес шағын кәсіпорын иесімен әріптестік келісімге отырған. Өз кезегінде, жылдың соңына дейін отызға жуық адамды қызметке орналастыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев