Алматы облысында мал төлдету науқаны басталды

Салаға жауаптылар биыл 1 млн 900 мың саулықтан 1 млн 800 мыңнан аса қозы алуды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

600 бас қойы бар Тоқтарбек Усановтың сахман басталғалы қоржыны бір босаған емес. Ол жайылымда туған қозылардың бауырынан сыз өтіп кетпеуі үшін оларды қыстаққа апарады. Бастапқыда өзі тасыса, қазір қоздаған қойлардың көбеюіне байланысты көлік шақыртып жүр.

Тоқтарбек Усанов, шопан:

- Қазір көктем суық ай ғой, малға да адамға да қиындау. Мұздатпай апарамыз.Үлгермесек, машинамен апарамыз. Машина жоқ болса, арбамен алып кетеді.

Алматы облысы қой саны бойынша республикада екінші орында. Өңірдегі ұсақ малдың дені Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Алакөл және Кербұлақ ауданында өсіріледі. 

Жалғас қатжанов, Кербұлақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы :

- Өткен жылы 258 мың қой болатын болса, биыл 260 мыңға жетті. Әр 100 бас аналықтан 105 бас қозы алатын болсақ, 160 мың бастың үстінде өсіреміз деген жоспарымыз бар.

Соңғы үш жылда аймақтағы Шопан ата төлі 300 мыңға көбейген. «Сөйтіп, жалпы саны 3 млн 300 мыңға жетті дейді», - сала жауаптылары.

Бақтияр Қалбатырұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 1 млн 870 мың төл алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге алған төлдердің саны 577 мыңды құрап отыр. Алдағы бес жылда ұсақ мал санын 1 млн-ға арттырып, 4 млнға жеткіземіз

Мал басының артуына байланысты биыл өңірде екі бірдей өндіріс орнының құрылысы басталады. Сол арқылы жетісу жерінде ет өңдеу ісін жолға қою жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов