Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасы топырақпен көміледі

Ақтаудың іргесіндегі «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау жұрты көптен күткен жоба 12 наурыздан бастап жүзеге аса бастады. Биыл ел Үкіметі уытты заттар жатқан қойманы залалсыздандыруға шешім қабылдап, қазынадан 15,5 млрд теңге бөлген еді. Қаражат 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен игерілуі тиіс.

Талғат Исламұлы, тілші:

- «Қошқар ата» қоймасы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылының шетінде орналасқан. Ақтаудан 4 шақырым қашықтағы жерге кезінде Каспий тау-кен металлургия комбинатына қарасты 3 зауыттан шыққан 105 млн тоннаға жуық уытты қалдық көмілген. Жақын маңындағы елді мекендерде 372 мыңдай адам тұрады. Заласыздандырудың бірінші кезеңінде қойманың үсті қалыңдығы 30 сантиметр топырақпен жабылады.

Серік Оразғали, мердігер мекеме өкілі:

- Топырақ көлемі 12,5 млн шаршы метр. 30 техниканы әкелдік бүгінгі күнде. Алдағы 1-2 айда 90 техника жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті тұрғындардан 50 адамды қамтамасыз еттік. Жергілікті жұмыспен қамту бөлімімен бірлесе отырып, 140 жұмыс орнына дейін ашуды мөлшерлеп отырмыз.

Былтыр ел қазынасынан 100 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде жеңімпаз анықталды. Биыл атқарылатын жұмыстарға 5 млрд-тан астам қаржы бөлініп тұр. Оның 500 млн теңгесі облыс бюджетінен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 4 мың шаршы шақырым аумаққа карьерлерден шыққан топырақ төгіледі.

Дүйсен Құспеков, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Оған дейін де бірнеше амалдар қаралған болатын. Оның бірі осы «Қошқар ата» қалдықтар қоймасынан 7 шақырым жердегі Каспийден канал тартып, су айдап, сол су айдынымен ұстап тұру. Бірақ бұл экономикалық жағынан өте қымбатқа шығып тиімсіз болғасын осындай бағытпен рекультивация өткізу дұрыс деп табылған болатын.

Желді күні көтерілетін шаң-тозаңды басу үшін бұл жерге жыл сайын қаланың кәріздік тазарту қондырғысынан шыққан 8,5 млн текше метр су айдалады. Сондай-ақ 2014 жылдан бері қойма айналасына сексеуіл отырғызылып келеді. Бастапқыда 8 гектар жер жасыл қорғаныш белдеумен қоршалды. Қазіргі уақытта өлке климатына төзімді өсімдікпен 88 гектар жер қамтылды. Ендігі меже 150 гектарға жеткізу. Биыл конкурста ойнатылған 30 млн теңгені Маңғыстау ботаникалық сынақ бағы ұтып алды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев