Елорда әкімі азаматтарды қабылдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында азаматтарды қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Тұрғындардан келіп түсетін мәселелерді шешу уақыты қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді болып бөлінеді. Мысалы соңғысына - ірі объектілердің, жолайрықтардың, инженерлік желілердің, нөсер кәріздерінің және т.б. құрылысы жатады, өйткені олар бойынша бірінші кезекте барлық құжаттаманы дайындап, сосын ғана тікелей іске асыруға кірісу қажет.

Азаматтарды қабылдау кезіндегі сұрақтарды да сол қағида бойынша бөлеміз. Бүгін кезекті рет азаматтарды онлайн қабылдадым. 20-ға жуық адам қатысты. Әр тұрғын 3-4 сұрақпен жолықты. Мәселелерді шешу барысында жеке сұрақтан жалпыға көшуге тырысамыз. Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй және әлеуметтік мәселелер бойынша түсетіндіктен, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы (Бейбітшілік,14) мен Тұрғын үй саласында қызметтер көрсету жөніндегі бірыңғай орталық (Республика даңғылы, 32) ашылды. Олар тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар, медициналық көмек, жұмысқа орналасу, қосымша білім алу және т.б. бойынша сұрақтар келіп түседі. Осы жылдың басынан бері орынбасарлар, басқарма басшылары және аудан әкімдері мыңға жуық тұрғынды қабылдады. Азаматтарды қабылдауды апта сайын өткіземіз - бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында кері байланысты айтарлықтай нығайтуға, қала тұрғындарын барынша көбірек қамтуға мүмкіндік береді», - деп жазды қала әкімі.