Алматыдағы тау бөктерлерінде көшкін жүру қаупі күшейді

Алматыда Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшелері Іле Алатауында қар көшкінінің алдын алу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі соңғы күндері жауған жаңбыр мен күннің жылынуынан кейін көшкін жүру қаупі күшейген. Мамандар бұл жолы адамдар көп жүретін Үлкен Алматы көлінің маңындағы қарды жарды. Толығырақ тілші материалында.

Үлкен Алматы көлінің маңайы қала үшін стратегиялық маңызды жер саналады. Бұл жерде мегаполис тұрғындарына қажетті ауыз су көзі, ірі метеостанция мен бірнеше ғылыми институттың ғимараты бар. Көлден жоғары шекара заставасы орналасқан. Сондықтан ары-бері қатынайтын арнайы көліктер көшкін астында қалуы мүмкін. Күн жылынып, қар ери бастаған соң қауіп арта түседі. Көшкіннің алдын алу жұмыстарын «Қазселденқорғау» мекемесі мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізді. Ең қиыны – жарылғыш затты салу. Тау басынан қарды түсіру үшін 240 келі аммонит қойылды. Бұған 2 сағат кетеді. Жарылғыш заттар қойылып, мамандар қауіпсіз жерге шыққан соң жаруға бұйрық беріледі.   

Жарылыстан соң 8 мың текше метрге жуық қар төмен қарай құлдилай түсті. Мұндай көлемдегі қар үлкен жүк көлігін аударып жіберуге күші жетеді. Енді жол қауіпсіз. Бірақ келесі қар жауғанға дейін ғана. Синоптиктер Іле Алатауында демалыс күндері және алдағы аптада қар жауады деп болжап отыр. 

Ілияс Егембердиев, «Қазселденқорғау» ММ төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас инженері:

– Еліміздегі таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі, өздігінен түсу қаупі өте жоғары болып тұр. Осы күнге дейін қыс мезгілі басталғалы бері елімізде, республика бойынша таулы аймақтарда 106 қар көшкінін алдын ала түсіру жұмыстары жүзеге асырылды.

Бүгінде Үлкен Алматы көлінің маңайындағы қардың қалыңдығы 80 сантиметрге жетеді. Бұл жылдағыдан көп. Ал таудың адам жиі жүретін жерлерінде жұқалау. Дегенмен алдағы күндері тағы қар жауады. Сондықтан «Қазселденқорғау» мамандары адамдарға мұқият болуды ескертеді.    

Мұрат Қасенов, «Қазселденқорғау» ММ жетекшісінің орынбасары:

– Қазір тау бөктерлеріндегі қарға сенім жоқ. Кез келген уақытта өздігінен қар көшуі мүмкін. Сондықтан біз тауға шықпауға кеңес береміз. Ал шыққан жағдайда қары қалың тау беткейлеріне бармаған жөн. Себебі ол жерлерде қауіп көп.  

Бүгінге дейін тауларда 43 рет өздігінен қар көшіпті. Абырой болғанда адам жоқ жерлерде немесе алдын ала жабылған автомобиль жолдарында болған. Ал адам көп баратын шатқалдарда «Қазселденқорғау» мекемесі тәулік бойы бақылау жасайды. Оқыс жағдай болып жатса апаттық жасақтар жұмысқа шұғыл кірісуге дайын. Ол үшін 115 адам мен 64 арнайы техника әзірленген.

Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Эдуард Кон