Түркістан облысында 4 мың полиция қызметкері жетіспейді

Халық саны 2 млн-нан асатын өңірде 2 жарым мың ғана тәртіп сақшысы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар әр полиция қызметкеріне жүктелетін міндеттің 2-3 есеге көп екенін айтады. Еліміз бойынша 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция саны 386 болса, бұл көрсеткіш Түркістан облысында 185 адамды құрайды. Өңірдегі полиция департаментінің басшылығы үкіметтен штат санын көбейтуді сұрап отыр.

Икрам Шадманов – Түркістан қаласындағы полиция бекеттерінің бірінде учаскелік аға инспектор қызметін атқарып келеді. Он бір жылдық еңбек өтілі бар тәртіп сақшысы жанындағы үш жедел уәкілмен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр. Бекетке бөлінген халық саны 45 мыңнан асады. Яғни әрбір қызметкерге шаққанда он бір мыңнан түседі. Оның үстіне Түркістан облыс орталығы болғалы бері шұғыл шақыртулар көбейіп, үлгермей жататын кездеріміз болады дейді полицей. 

Икрам Шадманов, учаскелік полицей:

– Шақыртулар көбейіп кетті қазіргі таңда. Бізде мемлекеттік мекемелердің көп нысандары орналасқан. Ол жерлерде де халық көп шағымданады. Оған да біз барамыз. Қазіргі таңда бізде арнайы қызметтік көлік жоқ.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Түркістан бөлек облыс болып шыққалы бері қызметкерлер саны екі есеге азайып кеткен.

Сенат депутаты Әли Бектаев та Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерген болатын.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Өкінішке орай облыстағы полиция қызметкерлерінің жалпы саны нормативтерден әлдеқайда төмен. Әр қызметкердің жүктемесі 2-3 есеге жоғары. 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны республика бойынша 386 болса, Түркістан облысында – 185. Бұ ең төменгі көрсеткіш. Тіпті халқы саны жағынан Түркістан облысынан екі есе аз облыстарда полиция қызметкерлерінің саны 2 есе көп. Ондай фактілерде бар.

Сенатордың пікірімен Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де келіседі. Мамандардың айтуынша, қазіргі нормативті жүктемеге орай Түркістан облысына тағы төрт мыңға тарта тәртіп сақшысы қажет. Атап айтқанда патрульдік полицейлер мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілері, тергеушілер мен жедел уәкілдер тапшы. 

Мақсат Асқаров, облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы:

– Мал ұрлығы көп. Сол жерлерде біздің жедел уәкілдер, тергеушілеріміз, учаскелік полиция инспекторлары жетіспеуде. Себебі қылмыс өте көп. Оның барлығымен айналысу керек күнделікті. Есірткі саласында да қылмыстар өсіп келеді. Онымен күресіп жатыр. Бірақ штат саны кем.

Оның үстіне қызметтік көліктер де жетіспейді. Бүгінде 2700-ден аса полицейге 437 көлік қажеттілігі туындаған. Түркістан облыс орталығы болғалы рухани шаһарға жыл сайын 1 млн-нан астам турист келеді. Бұл ретте полицейлердің жетіспеушілігі саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Сондықтан ішкі істер органдарының негізгі міндеті – адам құқығы мен қауіпсіздігін қорғау болса, олардың саны да тұрғындар санына қарай көбейу керек дейді мамандар. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы