Ақтөбеде көпқабатты үйлердің жартысына жуығында жеделсатылар ескірген

Тіпті кейбірінің жұмыс істемей тұрғанына ондаған жылдар өткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңарту жұмыстарының нақты қашан басталары әзір белгісіз. 100 лифтті ауыстыруға бюджеттің қыруар қаржысы қажет.

8-қабатта тұратын Зоя Данабекова сыртқа шығу үшін тек баспалдақпен ғана жүріп өтеді. Себебі бұл үйдегі жедел сатының жұмыс істемей тұрғанына 20 жылдан асқан. Көршілерімен бірге ортақ мәселелерін айтып, тиісті мекемелерге талай шағым түсіргенімен еш нәтиже болмапты. Ал қартайған шағында мініп-түсу оңай болмай тұр. 

Зоя Данабекова, қала тұрғыны:

– Тоқсаныншы жылдан бері осында тұрамын. Лифт істемейді, қиын. Біз сияқты үлкен кісілерге қиындау. Қонақ келсе де. Бақылау болмаған шығар.

Бұл үй 1990 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Алғашқы кезде жедел саты мінсіз жұмыс істеп, уақытында техникалық тексеруден өткен. Алайда 1997 жылы тоқтап, қайта іске қосылмапты. Содан бері жоғары қабаттағы пәтерлерді қоныстанушылар бірнеше рет ауысқан. Ал лифт жүретін шахтада екі рет өрт болып, кейбір құралдар ұрланған көрінеді. Жаяу көтеріліп түсуден шаршаған тұрғындар енді биыл бір көмектің боларына үмітті. 

Малика Тайбекқызы, қала тұрғыны:

– Азық-түлік алған кезде, баламен жүрген кезде, қазір жүктілік үстінде тіпті ауыр. Лифт бізге керек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Бүгінде қала бойынша бірнеше көпқабатты үйдің лифтісі мүлде істемейді. Салдарынан тұрғындары баспалдақпен мініп түсуге мәжбүр. Ал жедел сатылардың қашан жөнделетіні немесе жаңасына ауыстырылатыны әзір белгісіз. Сондықтан лифт жүретін шахтаның есіктері адамдардың қауіпсіздігі үшін жабық тұр.

Ал қала билігінің өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтады. Проблеманы шешу үшін тек биыл бюджеттен 900 млн теңгеден астам қаржы сұралған. Қаражатқа 100 жаңа жедел саты алынып, ең алдымен жұмыс істемей тұрған лифттер жаңартылмақ. Сондай-ақ пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткендерін де ауыстыру көзделіп отыр. Ал ондай жедел сатылардың саны 260-қа жуықтайды. Көбісінің қолданылғанына ширек ғасырдан асқан.

Наурыз Құлымжанов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Кезінде Кеңес дәуірінде салынған лифтілер ғой. Тек 25 жыл емес, қазіргі жағдайда олар 35 жылға дейін аяп қалған лифттер. Жасыратыны жоқ, кейбір лифттер 40 жылға дейін кетіп қалды. Лифт шаруашылығы жұмысшыларының арқасында олар да бүгінгі күнде әйтеуір жұмыс жасап тұр. Міне, енді осы лифттерге биыл үлкен қаражат көзін күтіп отырмыз.

Жалпы қала бойынша 302 көп пәтерлі тұрғын үйде 600 жедел саты жұмыс істеп тұр. Мамандардың мәліметінше, шамамен оның жартысына жуығының қызмет өту мерзімі өткен. Ал жаппай жаңарту ісі алдағы жылдары қалыпты жүреді деген үміт бар. Себебі қазір қалада бір түрік компаниясы лифт құрастыру зауытын салуға келіскен көрінеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев