Түркістан облысының бес ауданында елді мекендер жарықсыз қалды

Түркістан облысында қолайсыз ауа райының салдарынан кейбір елді мекен жарықсыз қалды. Кеше басталған күшті желдің екпіні кей жерлерде 25-30 м/с дейін жетіп, электр желілерін үзіп кеткен. Салдарынан өңірдегі Бәйдібек, Отырар, Ордабасы аудандары мен Кентау, Арыс қалаларына қарасты бірнеше ауылда жарық сөніп қалды.

«Оңтүстік Жарық» мекемесінің жедел-құтқару жасағы түні бойы электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Облыстық ТЖД хабарлауынша, бұл аумақтарға 20-дан астам бригада мен 100-ден астам адам және 30-дан астам техника жұмылдырылған.

«Жағдай облыс әкімінің бақылауында. Барлық мүдделі органдардың қатысуымен штаб құрылды», - дейді жауапты сала мамандары.

Аудан, қалалар әкімдері мен төтенше жағдайлар қызметінің апатты жағдайға арналған барлық техникалары дайын тұр.