Дәрігерлер ұшақ апатынан зардап шеккендерді арашалап қалу үшін барын салуда

Әскери ұшақ апаты болған жерде қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Апат себептері тиісті сараптамадан соң белгілі болады. Ал ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы ауыр. Қалалық 4-аурухананың жансақтау бөлімінің дәрігерлері оларды аман алып қалу үшін барын салуда.

Төрт бірдей азаматтың отбасын қара жамылдырып, екі адам зардап шеккен ұшақ апаты кеше сағат 17:22-де болған. Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шыққан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ан-26» әскери ұшағы Алматы әуежайының аумағында ұшу-қону алаңына сәл жетпей құлап, өртке оранды. Апат себептері әзірге белгісіз, оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Ал апаттан аман қалған екі азаматтың жағдайы ауыр. 

Руслан Токушев, травмотолог-ортопед дәрігер:

- Жағдайлары ауыр, диагноздары бас ми жарақаттары, термиялық күйік 50-30 процент. Біреуінде науқастың ашық сол сирақ сүйектерінің сынуы, кеуде жарақаты, екінші науқастың диагнозы бас ми жарақаты, термиялық күйік 30 процент, төртінші саусақтың сынуы, және кеуде қуысының жарақаты.

Зардап шеккендер ауруханаға кеше кешкі сағат 18:10-да жеткізілген. Әртүрлі жарақаттар болғандықтан ангиохирург, көкірек қуысы хирургы, таракальді хирург, окулист, сондай-ақ Алматы қаласының бас реаниматологы шақырылып, тиісті көмек көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің денсаулығына қатысты әзірге қандай да бір болжам айтуға ерте.

Жанат Дүйсенова, жансақтау бөлімінің анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

- Қауіп сейілді деп айту қиын, өйткені жарақаттары ауыр. Күйік жарақатының ауырлығы ол бірінші күні байқалмайды. Екінші немесе үшінші тәулікте күйік жарақатының ауырлықтары байқала бастайды. Ол басқа органдарға әсер етіп, жағдайы күрт нашарлап кетуі әбден мүмкін. 

Қазір қалалық 4-ауруханада науқастардың жағдайына байланысты білікті дәрігерлердің қатысуымен консилиум өтуде. 

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...