Биыл Маңғыстау облысында Көрісу күні жаңа форматта атап өтілді

Маңғыстау облысында 14 наурыз Көрісу күні ретінде атап өтіледі.

«Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Бірлік оты» жағылатын. Биыл мәдени шара карантин талаптары қатаң сақтала отырып, шағын топпен өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар «Mangystau Nauryz Fest-2021» атты жастар фестивалі басталды. Белсенді жастар мен волонтерлер көпшілік орындарда ұлттық тағам-тәттілерді үлестіріп жүр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Амал – көпшілікті бірлікке шақыратын дәстүрлі мейрам. Былтыр әлемдік пандемия кезінде жылдағыдай Отпан тауда «Бірлік» отын жағуға мүмкіндік болмады. Ата дәстүр үзіліп қалмауы үшін зиялы қауым өкілдері биыл шағын топ болып барды. От тұтатып, қазақ халқының ертеңі үшін жанын қиған бабалар рухына тағзым етті.

Сабыр Адай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Тек қана экономикалық жағынан қуатты болмауымыз керек. Бірінші кезекте біз рухани тұрғыдан қуатты болуымыз керек. Ал ұлттық мемлекеттің бірінші белгісі оның ұлттық салт-дәстүрлері. Ұлттық санасы мен болмысы. Халық қашанда жақсылыққа қарай ұмтылады. Сондықтан бірлік-береке, аманшылық, елімізге жақсылық келсін деп тілейміз. Амал мерекесі тек қана мейрам емес, ұлттық сананы ояту үшін, ертеңгі болашақты тіндестіріп жалғастыру үшін қажет амалдар.

Көрісу күні Ақтауда дыбыс ұлғайтқыш құрылдары арқылы қазақтың ән-күйлері шырқалып тұр. Белсенді жастар мен волонтерлер кісі көп жүретін орында ұлттық тағам-тәттілерді үлестіріп, мейрам маңызын көтере түскені қуантады. Мұндай игі шаралар «Mangystau Nauryz Fest-2021» жастар фестивалі аясында Жаңаөзен қаласы мен өңірдің бес ауданында бірдей жүріп жатыр.

Мұқаш Оралбай, Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда қала бойынша 25 волонтер орталық көшелерде, сауда орындарында қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланған жерлерде «Жыл құтты болсын» шоколадын таратып жатыр. Біз мейлінше балалар мен қарттарды осы Амал мейрамында құттықтау шарасын рет-ретімен жасайтын боламыз күні бойы.

Еріктілер тобы отбасылық үлгідегі балалар ауылына да барып, тосынсый жасады. Қазір мұнда 50-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Белсенді жастар перзенті туабітті сал ауруына шалдыққан 20-дай отбасыға баратындарын да айтып отыр. Ал ертеңгі күні орталық саябақта 500 түп тал егуді жоспарлап қойған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев