Қарағанды облысындағы Қоянды ауылына оңтүстіктен үш отбасы көшіп келді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылына оңтүстік өңірден тағы үш отбасы көшіп келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі жыл бұрын бұл құтты мекенге 9 жанұя қоныс аударған болатын. Аз ғана уақытта елді мекенде халық саны көбейіп, жабылудың алдында тұрған мектепті сақтап қалды. Жергілікті кәсіпкердің бірі көшіп келушілерге тегін үй берді, азын-аулақ малмен көмектесті. Қоныстой иелерінің қуанышына өңірдегі тілшіміз Ардақ Асылханұлы да ортақтасып қайтты.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Шымкент шаһарынан ат терлетіп жеткен көшті ауылдағы ағайын осылайша, үлкен қошеметпен қарсы алды. Қояндыға қоныс аударған үш отбасында он адам бар. Ақсақалдарымыз оларға ақ батасын берсе, әжелеріміз шашу шашып, дастархан жайды.

Кезінде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен бұл киелі өңірдің жері шұрайлы. Мал өсіріп, диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы мекен. Үш отбасының оңтүстіктен келуінің бір сыры осында жатыр. Оның үстіне оларға тегін үй, азын-аулақ мал, жер берілді.

Бауыржан Мәмбеталиев, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Үйді өзіміздің атымызға жекеменшікке беріп отыр. Ол үлкен көмек, әлеуметтік көмек. Әр жағын енді өзіміз мал шаруашылықпен айналысып, осы жердің тұрғылықты халқы боламыз деген жақсы ниетпен келдік қой.

Айсара Қожахметова, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Халықтың ықылас-пейілдеріне рахмет. Жатырқамай, бәрі өзінің бауырындай қарсы алып жатыр. Рахмет, көрдік, жүздері жылы жақсы адамдар екен.

Қазір Қоянды ауылында 100-ге жуық отбасы тұрады. Тоқырау жылдары жұрт жаппай қалаға көшкен кезде мұндағы 19 үйді жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев меншігіне сатып алған. Кейін күрделі жөндеп, сақтап қойыпты. Енді сол баспаналарды ауылға келемін деген азаматтарға тегін үлестіріп жатыр. Жуырда мұнда тағы екі отбасы келмекші.

Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:

- Екі отбасылық үйді реконструкциясын жасап едік, әрқайсыcы 150 шаршы метрден. Соған бір жағына Тараздан 5 баласымен отбасы, екінші жағына Қызылордадан 5 баласымен отбасы келеді. Соларды күтіп алуға дайынбыз. Тағы біраз үйлерді бұрыннан мен сатып алып қалғанмын, сындырмай, бұзғызбай. Сол босап тұрған үйлер бар. Келем деген адамдар болса, қарсы аламыз. Жұмыс та болады.

Бейбіт Жұманов Қоянды ауылына осыдан екі жыл бұрын көшіп келген. Бірден баспаналы болды. Кейін мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген пайызбен 4 миллион теңге несие алып, мал сатып алған. Қазір қолында 10 жылқы, 20 сиыр және бірнеше қой бар.

Бейбіт Жұманов, Қоянды ауылының тұрғыны:

- «Бастау Бизнестен» алған қаражатқа осы малды алғанмын. Қояндының жері мал шаруашылығына өте қолайлы. Жері кең, су бар, жайылым жақсы.

Айта кету керек, кәсіпкер бұған дейін ауылда отбасылық үлгідегі 5 бірдей балалар үйін де ашқан. Себебі елді мекендегі жалғыз мектепті сақтап қалу керек болды. Мәселен, 4 жыл бұрын білім ошағында оқушы саны 44-ке азайып кетсе,қазір мұнда 100-ден астам бала оқиды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев