Қызылорда облысындағы су арналары тазаланады

Биыл Сырдарияда су аз. Оның қиындығын өзен сағасындағы Сыр жұрты қатты сезінетіні белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Жаңақорған ауданындағы басты су арнасын егінге су бергенге дейін тазалап үлгеру жайы қазір өзекті күйде.

Әбдірахмен Сапарбаев жыл сайын 50-60 гектар жерге күріш егуді кәсіп еткен. Ол тұратын Жаңаарық ауылында осындай 20-ға тарта майда шаруашылық бар екен. Осыдан 3 жыл бұрын егін алқабы үшін маңызды ішкі су арнасы тазаланғалы, біраз бейнеттен құтылдық дейді ол. 

Әбдірахман Сапарбаев, шаруа қожалықтың төрағасы:

– Мына біздің Жаңаарықтың өзінде 2278 гектар жер бар, инженерлік жүйеге келтірілген. Каналдың жалпы тазалығы жаман емес, содан кейін өзіміздің ішкі жүйелерді тазалау қазір жақсы қарқын алып, жұмыс жүруде. Су болып жатса, біз күріштің гектарын көбейтсек пе деген ой бар.

Дегенмен шаруалар аудандағы басты магистральды су арнасының жай-күйіне алаңдайды. Егін маусымы таяп келеді. Ертерек қамданбаса, Келінтөбе, Сумағар каналдарына су түскеннен кейін арнасын тазалу мүмкін болмай қалады.

Талғат Зейдалиев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылы Сумағар каналы мен Келінтөбе каналының сағасына 4 шақырым қашықтыққа аудандық бюджеттен 28 млн теңге бөлініп, тазаланбақшы. Ертеңгі вегитация кезеңіне дейін ол тазаланып, су алу науқанына дайын болып тұрады. Сонымен қатар Қыркеңсе ауылдық округіндегі Р-23, Түгіскендегі бір канал және Келін төбедегі 3 канал осы аудандық бюджет есебінен тазаланбақшы.

Егінге су беру кезеңіне дейін жоспарлы жұмысты межесіне жеткіземіз деп уәде етті жауапты мамандар. Жалпы биыл ауданда 36 мың 500 гектарға егін егілсе, оның 7 мың 300 гектарына басты дақыл күріш орналасады. Сондай-ақ 6 елді мекенге секундына 500 литр су айдайтын 8 су сорғы құрылғысы сатып алынбақ. Осылайша жаңақорғандықтар аз суды тиімді пайдаланудың қам-қарекетіне кіріскен.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов