Мамандар Түркістанды жасыл желекке айналдырудың амалын жасауда

Соңғы 3 жылда Түркістан қаласын көгалдандыру үшін жарты млн-ға жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда аймақтағы экологиялық ахуалдың нашарлығы мен топырақтың тұздануы салдарынан егілген көшеттердің бір бөлігі қурап қалған. Дегенмен мамандар облыс орталығын жасыл желекке айналдырудың барлық амалын жасап, бағуда.

Жел, шаң және ыстық. Түркістан қаласының климаттық ерекшелігін осы үш-ақ ауыз сөзбен сыйпаттауға болады. Оның үстіне көне шаһар Арал теңізінің экологиялық апат аймағында орналасқан. Топырағы тұзды, жері сортаң болғандықтан мұнда кез келген ағаш өнбейді. Мамандардың айтуынша, әбден күтіп баптағанның өзінде егілген әрбір он көшеттің жетеуі ғана өсіп шығады.

Нұржан Төлебеков, «Жасыл Түркістан» КММ басшысының орынбасары:

– Ағаш ауырғаны білінеді. Сол кезде мамандар қазып алып, өзіміздің тәлімбаққа отырғызады. Бәрін дәрілеп, жерге сіңісіп, күш алады. Соны күзде қайта егеміз. Осындай технологияның арқасында ағаштың өнуі 90 пайызға жеткіздік.

Өткен жылдың өзінде Түркістан қаласы аумағына 200 мыңнан астам терек, арша және қарағаштың көшеті отырғызылған. Бүгінгі күні қаладағы жасыл-желектің жалпы аумағы 187 гектардан асады. Облыс басшысы 2 жыл бұрын көне шаһарды 32 сектарға бөліп, дамытуды қолға алған болатын. Содан бері әр секторды көгалдандырып, ондағы ағаштардың өсіп, жетілуіне аудан әкімдіктері мен басқармалар жауапты. Алайда мамандар әр өңірдің табиғи ерекшелігіне байланысты сол жерге бейім ағаштарды отырғызу керектігін айтады.

Ақнұр Шүленбаева, Шымкент қалалық дендробағының қызметкері:

- Ясин, клен, айлантты егуге болады. Олар бізідң оңтүстікке бейімделген. Ал қарағай мен шырша таулы аймақтарда өседі. Түркістан тегіс жерде орналасқан, одан кейін жел бар, Сырдария жақын. Сырдарияның суы тұзды су. Қарағай, шыршаларды егу үшін жарты метр топырақты алып тастап, жер қабатынан қара топырақ алып келіп, соны төсеп, содан кейін егуге болады.

Жауапты сала мамандары рухани шаһарды ғалымдардың көмегімен бау-бақшалы, жасыл-желекке айналдыруды көздеп отыр. Себебі бұл – климатты жақсартудың жалғыз жолы. 

Қайрат Абдуалиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Мамандардың қатысуымен үлкен жұмыс жүрді. Құмдақ, шөлейтті жеріміз бар. Бізге өзіміздің бұрынғы торынғұл, бадам, жыңғыл, сексеуіл, қарағаш, жиде бар, осы 6-7 түріне тоқтадық. Жалпы бізде 400 г тұқымбақ болса, бүгінгі таңда 730 г жеткіздік. Екі есе көбейді. Себебі экологияны жедел жақсарту үшін біз бұрын жылына 3-5 млн ағаш өндірсек, енді 35-40 млн ағаш өндіретін боламыз.

Түркістанның табиғи тынысын ашатын тағы бір жоба – «Жасыл белдеу». Қаланы қоршай орналасқан аумағы 8 мың гектарға жуық жасыл алқапқа 5 млн-нан аса көшет отырғызылған. Су жүйелерін енгізу жұмыстары да жүргізілуде. Алдағы уақытта 268 сумен жабдықтау ұңғымалары қазылып, көшет отырғызылған аумақ қоршалмақ.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы