Алматының таулы аймақтарында 20 сантиметрге дейін қар жауды

Алматы қаласында толассыз қар жауып тұр. Қалада 5-6 см, таулы аймақтарда 20 см-ге дейін қар жауды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша 17 наурызға дейін ауық-ауық жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады.

«Үш тәулік бойы көктайғақтың алдын алу үшін қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстар мен жолайрықтардың кіреберістеріне, тау бөктері мен таулы аймақтарға көктайғаққа қарсы материал себіліп, қар тазаланды. Бүгін сағат 07:30-дағы жағдай бойынша көктайғаққа қарсы 3920 тонна материал пайдаланылды.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, жер үсті өткелдерін және ортақ пайдаланылатын жерлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде», - делінген Алматы әкімдігі таратқан хабарламада.

Таңертеңнен бері қар тазалау жұмысына 564 арнайы техника бірлігі мен 1140 жұмысшы жұмылдырылған.

Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылған.