Ыстан уланып аса ауыр халде ауруханаға түскен талдықорғандық жасөспірімдер сауығып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Төрт күн бұрын 2008 жылғы жеткіншектің жағдайы жақсарған болатын. Енді, міне, 2013 жылғы інісі де жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Айта кетейік, қайғылы оқиға наурыздың 10- күні болған. Жер үйлердің бірінен екі адамның мәйіті табылып, ал екі оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген еді. «Бір жарым тәулік бойы өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алған балалардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ», – дейді дәрігерлер.
Қарлығаш Маңғолхан, облыстық балалар ауруханасының бөлім басшысы:
– Қазіргі жағдайда екі баланың жағдайы орташа ауырлықта. Қалыптыға жақын деп айтуға болады. Екі-үш күннен кейін үйіне шығарылады. Керекті анализдердің барлығы өткізілді. Балаларға ем-дом шараларының барлығы жүргізілді.