Шымкентте балықтардың жаппай қырылуына өзен суының қатысы жоқ

Шымкенттегі балықтардың жаппай қырылуына Бадам өзенінен аққан судың ешқандай қатысы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық экология департаменті мәлімдеді. Мамандар өзен суының төрт жерінен сынама алып, оны зертханаға жолдаған. Ал сараптама нәтижесі судың таза екенін анықтаған. Балықтарға зиян келтірер қауіпті ештеңе таппаған. Осыған дейін эколог мамандар ол жерде алдын ала болжам бойынша Бадам өзеніне құятын Сайрам суы лайланып аққандықтан, биологиялық кислород қысымының төмен болуы мүмкін дегенді айтқан болатын. Алайда бұл бойынша да сараптама болжамды теріске шығарған. Дегенмен балықтардың өзенде не себепті жаппай қырылғаны әлі зерттеледі дейді департамент өкілі.

Серік Сарбасов, қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Зертханалық аналитикалық бөлімінің талдауы нәтижесінде шекті концентрацияның асуы анықталмады. Бұл жағдай сыртқы әсерден болуы мүмкін.