КВИ жұққан аяғы ауыр әйелдердің мерзімінен бұрын босануы жиілеп кетті

Көрсеткіштерді саралаған әлемдік ғалымдар осындай тұжырымға келген. Шала туған нәрестелер санының өскенін елордалық фтизиопульмонология орталығының ақ халаттылары да айтып отыр.

Жаһанды жайлаған індет барлық салаға әсер етті. Шағын бизнесті құлдыратып, адамдарды әбден әбігерге салғаны рас. Денсаулық сақтау саласындағы тоқтаусыз жұмыс та еселене түсті. Оның ішінде вирус жұқтырған жүкті әйелдердің жағдайы ақ халаттыларды алаңдатып отыр. Өйткені соңғы уақытта шала туған шақалақтар саны өскен. Бұған себеп коронавирустық инфекция болуы мүмкін дейді мамандар.

Наталья Синицына, қалалық фтизиопульмонология орталығы акушерлік блок меңгерушісі:

- Коронавирустық инфекция болмаған уақытта мерзімінен бұрын босану 4-5 процент болатын. Бұл әдеттегі статистика. Ал өзіміздегі жағдайға сүйеніп айтар болсам, қазір бұл статистика 10 процентке дейін өсті. Демек, қандай болса да осы індет жағдайында уақытынан бұрын босанған келіншектер көбейген. Дегенмен, бұл әлі толық зерттелмеген тақырып.

Бұл тақырыптың аз зерттелгенін Израиль мамандары да растайды. Әзірге әлемде нақты ғылыми тұжырым жоқ. Тек бақылаудағы жүкті әйелдердің жағдайына қарап, пайым жасауға болады. Коронавирус жұқтырып алған аяғы ауыр келіншектер көбіне ауыр түрімен ауырады екен. Мұның үстіне пневмониямен ауыратындар да көбейген.

Юрий Панков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығы департаментінің басшысы:

- Инфекция жұқтырған әйелдерде вирус өте ауыр өтуі мүмкін. Бұл ішкі органдарда болатын процестерге байланысты. Құрсақтағы сәби өскен сайын әйелдің өкпесінде қысылу байқалып демалуы қиындай түседі. Егер оған вирус жұққан болса өзіңіз пайымдай беріңіз өкпеге қаншалықты ауырлық түсетінін.

Түрік сарапшылары қант диабеті, жүрек-қан тамыр жүйесі және тыныс алу органдарының аурулары болған кезде коронавирустан қауіп едәуір өсетінін айтады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, індет жұқтырған жүкті әйелдердің үштен бірі аурудың өршуіне байланысты реанимация бөліміне түскен.

Башак Гүлдер, акушер-гинеколог:

- Вирустың анадан балаға берілуіне қатысты. Әлемде екі зерттеу жүргізілді. Біреуіне бес жүзден астам жүкті әйел қатысты, екіншісінде мыңнан астам. Қорытындысында тек бір сәбиде коронавирус анықталды. Вирус жұқтыруға плацентада белгілі бір рецепторлық жасушалар жоқ екені белгілі болды. Алайда бұл зерттеулер дәл емес. Оған әлі уақыт қажет. Дегенмен, жүкті әйелдердің 30 проценті мезгілінен бұрын босанғандар. Сол себепті шала туған нәрестелердің жансақтау бөліміне түсуі көбейіп отыр.

Қауіпті кесел жүкті әйелдердің түсік тастауына да әкелуі мүмкін. COVID-тің мұндай ықтимал салдарын әлемдік ғалымдар алға тартады. Сондықтан олар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін жүктілік мерзіміне қарай операция арқылы ерте босандырып алу қажет дейді.

Автор: Гүлзия Нақыпқызы

Сондай-ақ...