Алматыда локдаун жариялануы мүмкін

Күніне 500 адам коронавируспен ауруханаға жатқан жағдайда Алматыда локдаун жариялануы мүмкін. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

Өткен сенбіде 342, жексенбіде 297 адамнан індет анықталған. Қаланың «қызыл аймақта» тұрғанына алты күн өтті. Осыған байланысты алдағы демалыс және наурыз мерекесі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Метро да тоқтатылады. Ұжымдық іс-шараларға рұқсат етілмейді. Пандемия басталғалы Алматыда қауіпті вирусты 27 мың 700-ден астам адам жұқтырған.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Бүгінгі күні ауруханаларда 3400 орын бар, оның қазіргі жүктемесі 40 проценттен аспайды. Сонымен қатар тағы  қосымша 7 мың  төсек бар.  Қатаң шектеулерді қолданған уақытта ғана жағдайды жақсарта аласыз. Осыны халық жете түсінсе екен. Кеше ауру жұқтырғандар саны сәл де болса азайғандай болды. Десе де, осы талаптар әлі де сақталады.