Жезқазғанда отбасылар 25 жылдан бері баспананы жекешелендіре алмай келеді

Жезқазған қаласында тұратын 45 отбасы 25 жылдан бері баспаналарын жекешелендіре алмай келеді. Базыналарын айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ. Жергілікті билік өкілдері жалдамалы үйді меншікке беру заңға қайшы дейді. Cебебі неде? 

Дәулет пен Айнұрдың ата-анасы жергілікті кен өндіру компаниясында ұзақ уақыт еңбек еткен. 20 жыл бойы осы пәтерде алаңсыз тұрып келіпті. Ал жуырда екеуі де өмірден өтеді. Енді көздері жәутеңдеген қос баласы қайда барарын білмейді. Әке-шешесі көздері тірісінде қаншама құжат жинап өткізгенмен, баспананы жекешелендіре алмапты.

Дәулет Бексыздықов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Қорқыныш болады ғой енді баспана болмағаннан кейін, өзіңдікі болмағаннан кейін. Нақты шешім айтылмағаннан кейін не берілмейді, не берілетінін. 20 жылдан асты ғой уже әке-шешеміздің осы үй деп жұмыс істеп өткендеріне. Осы уақытта ипотекамен болсын үй алып қалатын едік та әке-шешеміз.

Қазір бес қабатты үйде тұрып жатқан 45 отбасының барлығының басындағы жағдай осы. Баспаналарын басыбайлы меншіктей алмай келеді. Айтуларынша, әу баста пәтерге қоныстанған кезде жекешелендіріп береміз деген келісім болыпты. Бірақ кейін уәде сұйылып кеткен.

Гүлнар Байқоңырова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бұл үйді жекешелендірмейді деп басында бізге айтса, бермейміз мұны, үміттенбеңдер деп, біз онда баяғыдан, осы 23 жылдан бері тұрамыз, біз ендігі үй алатын едік қой қарамай. Біз осыған сендік қой.

Амантай Смаилов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жастар бар мына жерде мысалы. Олар ертең кездейсоқ ауырып, сырқап жұмыстан шығып қалса, бұл үйді алып қояды. Сонда бала-шағасы қайда барады оның. Бұлар ол үшін үй алайын десе үй ала алмайды, атында үй болса, бұл үйді бермейді, шығарып жібереді. Сосын бұлардың үй алуға да шамасы жоқ. Әйтпесе осылардың барлығы жастар ипотека бірдеңемен үй алар еді ғой ендігі 20 жылдан бері.    

Бұрын жатақхана болған бұл ғимарат 1992 жылы кен өндіру компаниясына мерзімсіз пайдалануға беріледі. Ал олар қарамағындағы жұмыскерлерге үлестіріп берген. Бірақ баспана республикалық меншікте болғандықтан жекенің қолына өткізу заңға қайшы. Сондықтан ең әуелі ғимаратты коммуналдық меншікке алу керек. Осыған орай жуырда жергілікті әкімшілік мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне хат жолдаған.

Ербол Құсайынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Мемлекеттік мүлік болғандықтан бұны бірінші кезекте біз коммуналдық меншікке ауыстыруымыз керек. Әрі қарай жергілікті атқарушы органның тұрғын үй комиссиясымен бірге жекешелендіру мәселесін қарастыратын боламыз. Тағы бір жолын қарастыратын боламыз. «Қазақмыс» өз атына алатын болса жекеменшікке онда кедергісіз тұрып жатқан тұрғындарға бере алады. 

Бірақ бұл жерде тағы бір кедергі бар. Егер үй коммуналдық меншікке өтсе, заң бойынша ең бірінші кезекте тұрғандарға берілу керек. Ал ғимаратты аукционға қойса, басқа компания қатысып, жеңіп алу қаупі бар. Онда тұрғындарға үйді босатудан басқа амал қалмайды. Сондықтан әзірге мәселенің түйіні шешілмей тұр. Бірақ жергілікті билік тұрғындардың мүддесін қорғауға барымызды саламыз деп ант су үшіп отыр. 

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев