Құлсарыда тозығы жеткен үйлердің тұрғындары үреймен күн кешіп жатыр

Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында әбден тозығы жеткен 22 баспана бар. Бұл үйлердің тұрғындары қазір қорқынышта өмір сүріп жатыр. Қар мен жаңбыр жауса төбе тесіліп, үйді су басады. Әлеуметтің әбден күйі кетіпті. 

Бұл Құлсары қаласының орталық көшесінде орналасқан үйлер. Әрине, көше беті көркем-ақ. Бірақ, тасадағы тұрғын үйлерді көріп, аудан орталығы емес, шағын ауыл ма дерсіз. Бұл үйлерге баратын жолдың да жайы нашар. Жаңбыр жауса тіпті үйге кірудің өзі мұңға айналады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Құлсары қаласының орталық көшесінде орналасқан дәл осындай үйлердің сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Көше бетін қанша жамап-жасқағанымен ішкі жағдайы мәз емес. Үйге кіреберіс жерден-ақ көңіліңізге мұң ұялайды. Төбесі сөгілген. Қабырғасы қақыраған. Дәл осы жерден тұрғындар жанын шүберекке түйіп өтеді.

Әжетханалары да сыртта орналасқан. Тұрғындар тіпті кешкі уақытта көшеге шығуға қорқады. Ал балалар ойын алаңының маңы қоқыс төгетін жерге айналған. Күн жылынса, сасық иіс отырғызбайды дейді тұрғындар.

Амангелді Кешубаев, қала тұрғыны:

- Мынау балалардың ойын алаңы. Мынау қоқыс. Жазда мына жер сасиды. Баланы мына жерге шығарып ойнату мүмкін емес. Жаңбырда ананың төбесінен су ағады төменге. Мына жермен жүру мүмкін емес.

Земфира Уәлиахметова, қала тұрғыны:

- Үйдің айналасында 10-нан артық туалет. Экология былай да жаман. Үйлеріміз жаман, шіріп жатыр. Сол новый үйге адамдарды қашан көшіреді екен деп неше жылдан бері күтіп жатырмыз. Қашан болады екен.

Салынғанына 50 жылдан астам уақыт өткен бұл үйлерде қазір тұру мүмкін емес. Үйлердің ішкі жәйі да нашар. Тіпті бернеше рет өрт те болған. Құлсарылықтар қашан құлап қалар екен деп қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Тұрғындар осылай бола тұра шара қолданбай отырған аудан басшыларына наразы.

Алма Мұшақұлова, қала тұрғыны:

- Аудан әкімі жұмыс жасамайды. Аудан әкімі бәлен рет келеді. тек орындық үшін келетін адамдар бұлар. Мысалы, былай қарай өтіп бара жатып, мына үйге адамның көзі түспей ма? Бір корпус бар, сосын біздің корпус. Сонда мен неге солай болады дегенде, сендердің корпустерің көрінбейді, көше беті емес деген жауап берді әкім. 

Айта кетейік, бұл үйлер салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Тұрғындар тек қолда барымен сылап-сипап қана қояды. Күрделі жөндеуді қалталары көтермейді. Ал алдағы 5 жылда оларды жаңа пәтермен қамтамасыз етеміз дейді жауаптылар. Тұрғындар «мұндай ертегіге тойдық» деп отыр.

Ернар Смағұл, Құлсары қаласының әкімі:

- Құлсары қаласының даму жоспары жасақталды. Яғни 5 жылдың ішінде аталған көпқатарлы тұрғын үйлерді көшіру жұмыстарын жүргіземіз. Биылдан бастап, көпқатарлы тұрғын үйлер құрылысы басталды. Құрылыс нысандары келесі жылы аяқталысымен кезең-кезеңімен көшіруді бастаймыз.

Айта кетейік, Құлсары қаласындағы 232 тұрғын үй әлі күнге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Енді тозығы жеткен үйлердің қатары көбеймесе, кемімейтіні анық. 

Автор: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Сондай-ақ...