Интернетте халықтың ақшасын алдап алатындарға тосқауыл болмай тұр

Біреудің аңғалдығынан біреу пайда көреді. Қоғамда бөтеннің қаржысын онлайн жолмен жымқыратындар көбейді. Екі айдың ішінде елордада 600-ден астам адам интернет алаяқтардың зардап шеккен.

Мамандардың айтуынша, бұл былтырмен салыстырғанда үш есе көп. Азаматтар бас-аяғы 22 миллион теңгесінен айырылған. Желіде отырып, опық жегізгендер оңайлықпен ұсталмай тұр.

Кибералаяқтың құрбаны болған мына кейіпкеріміз бет жүзін көрсетпеуді өтінді. Жігіт ағасы жасына жетіп, жас баладай алданып қаларымды білмедім дейді. Ұрылар жымысқы жолмен банк картасынан 60 мың теңгесін суырып алған. Өзін банк қызметкерімен деп таныстырған бәзбіреу артынша ізін суытқан.

Зардап шегуші:

- Банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын деді. Сосын қай қалада екенімді сұрады. Мән-жайды айтып едім, Алматыдан біреу менің есеп-шотымнан ақша шешкісі келгенін айтты. Бір емес, бірнеше әрекет жасалған деді. Телефоныма смс хабарлама жіберді. Айтқанының бәрін жасадым. Құпия сөзді қалай айтып қойғанымды да аңғармадым. Қаражатымның қолды болғаннан кеш түсіндім. 

Яғни әккі алаяқтар сөздің күшімен адамды әрі-сәрі күйге түсіреді. Алдымен қауіп төнгенін айтып үрейлендіреді, сосын қамыңызды ойлаған боп, көмегін ұсынады.

Данияр Орал, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:

- Осы қылмыстарды зерттей келе біз байқағанымыз, азаматтарымыздың көбісі мұндай ақпарат жинау үшін банк қызметкерлері  хабарласпайтынын, немесе қарайым қағидаларды білмейді. Сондықтан кез келген ақшаны аударар кезде сол банктің колл орталығына хабарласу керек. 

Демек, қаперде ұстаңыз: банк қызметкері картаңыз туралы мәлімет сұрап хабарласпайды. Осы бір қарапайым қағиданы білмеудің арты өкінішке ұрындырды емес пе. Екі айдың ішінде 600-ден астам елордалық интернет алаяқтан зардап шеккенін айтып, полицияға шағымданған. Әзірге қылмыстың 23 проценті ашылыпты. Мамандар онлайн жолмен құйтырқылық жасайтындар шекара таңдамайтынын айтады. Яғни өзге елде отырып, тұзағына оп-оңай түсіре береді. Статистикаға сүйенсек, елде тіркелген онлайн қылмыстың 95 проценті Ресейде жасалады. Украина мен Түркияда жасырынып, ақша жымқыратындар да аз емес.

Талғат Бөлегенов, қалалық ПД криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Алаяқтар өз ойын іске асыру үшін түрлі тәсілдерге жүгінеді. Тіпті сізге таныс номерден қоңырау шалуы мүмкін. Олар мұндай бағдарламаларды интернеттен жүктеп алады немесе арнайы жасатады. Қоңырау спутник жүйесінде тіркелмейді. Сондықтан қай қаладан, кімнің телефон соққанын анықтау өте қиын.

Қазір бұрынғыдай базарға сабылудың қажеті шамалы. Керек дүниенің бәрін интернеттен табуға болады. Мұны алаяқтар да біледі. Білгендіктен қақпанын сол жерде құрады. Жыл басынан бері 80-нен астам елордалық тауарды онлайн аламын деп опық жеген. 70-ке жуық тұрғын жалған сөзге еріп, несие рәсімдеген. Сөйтіп, қарызға белшесінен батқан.

Қанат Келдібеков, сарапшы:

- Банктер бөтен біреудің есеп-шоттан көпе-көрнеу ақша суыруына жол бермейді. Яғни азаматтардың  қаражаты қорғалады. Қаражат шоттан шотқа карта иесінің келісімімен ғана аударылады. Мәселен, мобильді қосымшадан басқа біреуге ақша аудармас бұрын сіз бірнеше міндетті рәсімді орындайсыз. Алдымен құпия санды енгізесіз. Сосын саусақ іздері сұралады. Одан соң сізге белгілі бір соманы аударғалы жатқаныз туралы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Банк кімнің алаяқ, кімнің жәбірленуші екенін ажыратпайды. Сондықтан бөтен біреуге ақша жіберіп, кейін алданып қалғанызды білсеңіз оған тек сіз жауаптысыз.

Яғни мұндайда аптықпаған жөн. Санаулы секунд ұрының құрығына ілінуден сақтауы мүмкін. Ал қаражатыңызды түбегейлі қорғаңыз келсе, банк картасына қатысты мәліметті құпия ұстаңыз. Тіпті жақын-жуығыңыз білмесін. Себебі алаяқтар сізді ғана емес, жаныңыздағы адамды алдап соғуы әп-сәтте. 

Назерке Тоқжан, Наурыз Базаров, Ержан Қанапияұлы