Алматы облысында көктемгі құс ату маусымы басталды

Алматы облысында 6 наурызда көктемгі құс ату маусымы басталды. Осы уақытқа дейін өңірдегі 4 аңшылық шаруашылығының аумағында оннан астам заңсыз үйрек ату дерегі тіркелген. «Дегенмен соңғы кездері браконьерлік азайып, аң ату мәдениеті қалыптасып келеді» - дейді сала мамандары. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірге тілшіміз Ардақ Айбарұлы да рейдке шығып қайтты.

Григорий Харин 18 жасынан аңшылықпен айналысады. Бүгінде жасы 60-тан асқан. Алматыда тұрады. Алматыдағы аңшылар қоғамында көктемгі құс ату маусымына берілетін жолдамалар таусылып қалыпты. Сол себепті Талдықорған асып, арынды Ақсу жағасын бетке алуға тура келген. Жанында екі серігі мен Чара есімді иті бар.   

Григорий Харин, аңшы:

- Әлемді жайлаған пандемия салдарынан аңшылық шаруашылықтары қорқасоқтап, биыл жолдаманы аз алған сияқты. Еңбекшіқазақ ауданында үйрекке берілетін рұқсат қағазы аңшылық маусымы ашылмай тұрып-ақ таусылып қалды. Мен мүшелік жарнамды төлеп отырмын ғой. Көктемде құс атайын деп келсең, «жолдама жоқ» дейді. Лимитті ұлғайту керек, менің ойымша.

Ильгам Клышбаев, Талдықорған ауданаралық аңшылар және балықшылар қоғамының қызметкері:

- Мысалы, бір шаруашылықта 800 үйрек атуға рұқсат етілсе, сол белгіленген лимиттің 5 проценті ғана көктемгі құс ату маусымына бөлінеді. Заң бойынша солай. Браконьерлікке келер болсақ, бұрынғыдай емес, біртіндеп азайып келеді. Себебі рейдтік бақылау жиі ұйымдастырылып, республикалық және өңірлік телеарналар осы ортақ жұмысқа ұдайы ақпараттық қолдау көрсетіп тұрады. 

Адамдар арасында аңшылық мәдениеті дұрыс қалыптасып келеді. Өйткені кәсіби және әуесқой аңшылар мұндай жорыққа ет дайындау үшін емес, қым-қуыт тіршіліктен бір ауық ми сергітіп, әсем табиғат аясында демалу үшін шығады.    

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Аңшылық оқшантайды оққа толтырудан емес, аңшылар қоғамына барып, аң-құс атуға арналған рұқсат қағазын алудан басталуы керек. Онымен қоса төс қалтаңызда аңшы куәлігі мен оның жанында мылтықты сақтап және алып жүруге арналған рұқсаттамаңыз болуы тиіс. Бұл құжаттарсыз аң атсаңыз, заң алдында жауапқа тартыласыз.

Алматы облысындағы шаруашылықтарда кісі басына жабайы үйректің үш кежегін атуға рұқсат беріледі. Лимиттен асып кетсеңіз немесе аталығының орнына аналығын атып алсаңыз, әр үйрек үшін 12 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығын мен айыппұлды өтеуге тура келеді. Бұл шамамен 36 мың теңге. Сондықтан аңшылар заңды белден басып, артық ақша төлегенше, 4,5 мың теңгеге рұқсат қағазын алып, су жағасында адам құсап демалғанды жөн көреді. Себебі инспектор мен қорықшылардан қашып жүріп жасаған аңшылық аңшылық емес. 

Роман Коршунов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Құс ату маусымы басталғалы бері оннан астам заңбұзушылықты анықтадық. Әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс өндіріске жолданды. Азаматтар көбіне қолға үйретілген барқылдауық үйрек пен жабайы құстардың тұлыбын суға отырғызбастан аңға шығып кетіп жатыр. Бұл заңға қайшы. 

Талдықорған маңындағы 4 аңшылық шаруашылығында 20 наурызға дейін құс атуға болады. 20 наурыздан бастап 3 сәуірге дейін Қаратал өзенінің төменгі сағасы мен Сарқан ауданындағы шаруашылықтарға жолдама беріле бастайды.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...