ШҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілді

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында су тасқынының алдын алу шаралары жүріп жатыр. Қазір қар жамылғысы 3, тоң қалыңдығы 62 сантиметр болып тұр. Дегенмен, күн күрт жылынса, өзен аңғарлары мен қыраттардағы қатқан мұз елді әбігерге салуы мүмкін. Сондықтан қажетті техника мен құрал-жабдықтар әзірленген. Әсіресе кіші Аягөз өзенінің бойы ерекше бақылауға алынды. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Осыдан 3 жыл бұрын кіші Аягөз өзені 50 жылдан кейін асау мінез танытып, өзен аңғарындағы 150-ге жуық үйді шайып кеткен болатын. Биыл бұл маңайда қауіп жоқ деп отыр мамандар. Дегенмен, апат айтып келмейді. Сондықтан да жергілікті атқарушы билік өкілдері су тасқынының алдын алу жұмыстарын күшейткен. 

Биыл Аягөзде қар өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз түсті. Дегенмен, коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, 33 мың текшеметр ақ ұлпа сыртқа шығарылыпты. Ал кіші Аягөз өзенінің бойында 150 метр жерге мұз қатып қалып, су жайыла бастағанда елдің үрейі ұшқан.

Рыскүл Мелдеханова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Көктемде міне керемет бірден еріп жатқаннан кейін қайтадан міне, суымыз көтеріледі деген үрей болғаннан кейін әкімшілік келіп, тағы да міне, қарап барлығын қолға алып жатыр. 2018 жылы бірталай үйлер кетті су астына, көшіп кеткендер көп, санаулы үй қалды. Солардың өзінің қоятын талаптары сол осы көшемізді көтеріп, көпірімізді кішкене жөндеп берсе.

Бұл жерде өзен арнасы тым тар болғандықтан мұз қалыңдап кеткен. Төтенше жағдайларды жою үшін 5 техника бірнеше күн жұмыс істеп, мың текше метрге жуық мұз ойылып шығарылыпты. Қазір өзен қалыпты ағып жатыр. Жалпы ауданда су тасқынының алдын алу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 100 миллион теңгеден артық қаражат қарастырылыпты. 70-тен астам техника, 7 мыңнан астам қап дайындалған.

Жанат Қалиев, Аягөз аудандық ТЖБ басшысы:

- Ауа райы күрт өзгеріп, жауын-шашын жаумай осындай бағытпен жүрсе, мен ойлаймын, қауіп төнбейді деп. Дегенмен, қауіп жоқ деуге болмайды, әрқашан ауа райы құбылмалы. Техника, күш пен құрал, мотопомпалар бәрі дайын жұмысқа. 

Ал жұртты мазалаған апатты жағдайдағы көпірлер бойынша қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр екен. Қаражат бөлінсе олар да жөнделмек. Су қоймалары мен бөгеттері де күні-түні бақылауға алынған. 

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы