Ақтауда саябақтарға 500 көшет отырғызылды

Маңғыстаулық волонтерлер 15 наурыз Жайлау күніне орай аудан-қаладағы саябақтарға 500 үйеңкі және шаған ағашы көшеттерін екті.

Ақтаудағы орталық саябақта да тал-шыбықтар пайда болды. Облыста кешелі бері «MangystauNauryzFest-2021» жастар фестивалі жалғасып жатыр. Елдімекендерді көгалдандыру ісіне ерікті жастармен бірге жергілікті оқу орындарының студенттері де белсене атсалысты. «Мақсатымыз - жастарды табиғатты аялауға шақыру. Игі шара сәуір айында да жалғасады.

Көшеттердің уақытылы суарылуын ұдайы назарда ұстаймыз», - дейді волонтерлер корпусының мүшелері.

Абылай Фазылбек, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Облыстың баршы жастары, соның ішінде жастардың ресурстық орталықтары, жастар ұйымдары және волонтерлік топтар бірлесіп «Тал егу» акциясын жүргізіп жатыр. Мақсатымыз қаламыздың гүлденуіне, абаттандыруға жастардың үлесін қосу. Бұл жерде 70-ке жуық жас 200-дей талды егіп жатыр. «Mangystau Nauryz Fest - 2021» жастар фестивалі 23 наурызға дейін әртүрлі шаралармен жалғасатын болады.