Ішкі істер министрі Атырау облысына барып, құқық саласының ахуалымен танысты

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Атырау облысына барып, өңірдегі құқық саласының хал-ахуалымен танысты.

Мұнайлы өңірге ат басын бұрған еліміздің бас полицейі тәулік бойы азаматтарды қабылдайтын 7 модульдік полиция бекетінің жұмысын тексерді. Қазір модульдік бекеттер өзінің тиімділігін дәлелдеген. Облыста құқық бұзушылық саны айтарлықтай азайыпты. Жұмыс сапарымен келген министр учаскелік инспекторлардың да жағдайын жақсартуға күш салатынын жеткізді. Сапар барысында Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының бөлімдерінде жаппай бейнебақылау орнату ісін жеделдетуді тапсырды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қылмыстың саны 18 процентке биыл азайды. Былтыр 37 процентке. Өте көп жұмыс істеліп жатыр. Президенттің тапсырмасы бар: полиция қызметкерлері халыққа ашық болуы керек. Мемлекетімізде 252 осындай қабылдау бөлімі ашылды. Тек Атырау облысында департамент ішінде, аудандық бөлімдерде тоғызы ашылған.